Арыстан келген балаларды демалдыруға Алматыда қанша ақша бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімшілігі Арыс қаласынан келген балаларды демалдыруға 14 млн теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында Стратегия мен бюджет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Жазылтаева мәлімдеді.

«Арыс қаласының жапа шеккен тұрғындарына көмек ретінде Алматыдағы »Өрнек« лагеріне 225 бала мен 14 тәрбиеші 40 күнге демалуға жіберілді. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 14,4 млн теңге бөлінді»,- деді Жанар Жазылтаева.

Бұған дейін 4 мыңға жуық Арыс балалары Қазақстанның жазғы лагерьлерінде демалатынын хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Соның салдарынан үш адам қаза тапты, 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып кетті. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы қаланы қалпына келтіруді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар