Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 3 науқас әлі ауруханада жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыстағы жарылыстан кейін ауруханаға түскен 82 адамның 79-ы жазылып, үйге шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, осындай мәлімет айтты.

«Арыстағы төтенше жағдай кезінде жараланғандардың басым бөлігі жазылып шықты. Қазір 3 науқас қана ауруханада жатыр. Біреуі - Алматыда, тағы біреуі - Шымкентте, үшіншісі Нұр-Сұлтан қаласында жатыр. Алматы мен Шымкенттегі екеудің жағдайы оңалып келеді. Менің ойымша, жақында жазылып шығады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы баланың жағдайы өзгеріссіз», - деді ол.

Ведомство басшысы қазір комада жатқан Аян Шәріпбаевты шетелдік мамандар да қарағанын айттты.

«Жақында елімізге шеберлік сағатына келген шетелдік нейрохирург мамандарға да көрсеттік. Өкінішке қарай, жағдайы әлі өзгеріссіз, өте нашар деуге болады. Біздің тарапымыздан қажетті ем-шараның бәрі ұйымдастырылып жатыр», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар