Арыстағы жарылыс салдарынан үшінші адамның қаза тапқаны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарынан үшінші адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, медициналық көмекке 70 адам жүгініп, оның 45-і ауруханаға жатқызылды. 3 адам қаза тапты. Арыс қаласынан жалпы 3 500-ден астам адам эвакуацияланды. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аудандарындағы эвакуациялық пунктерге 1 700 адам орналастырылған. Тәулік бойы жұмыс істеп тұрған қауырт желіге бүкіл республикадан 13 мың 490 қоңырау келіп түсті», - деді ол.

26 маусым күні таңғы сағат 06.00-дегі жағдай бойынша, төтенше жағдайды және оның салдарын жою орнында ІІМ күштері мен құралдары тобынан жеке құрамның 1 251 маманы мен 188 техникасы шоғырландырылған.

«Оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 346 маманы мен 48 техникасы, полицияның 358 қызметкері мен 75 техникасы, Ұлттық ұланның 547 әскери қызметшісі мен 65 техникасы бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Арыс қаласының аумағында Төтеше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру қызметінің күшімен 52, оның ішінде бір дәмхана ғимараты, 24 тұрғын үй, 10 қора-қопсы және 17 табиғи өрт сөндірілген.

«Түркістан облыстық полиция департаментінің, Ұлттық ұланның қызметкерлері Арыс қаласын қоршауға алу және шолғындау шараларын жүзеге асырып жатыр. Қала төңірегінде бекеттер де қойылған. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері үш тонау фактісінің алдын алды», - деді ресми өкіл.

Н.Нұрахметовтің дерегінше, Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану арқылы жүргізген аэровизуалды барлау нәтижесінде әскери бөлім аумағында бықсыған оттың 3 ошағы анықталған. Аталған министрліктің 145 маманнан жасақталған 14 саперлер тобы Арыс қаласының аумағын, теміржол бойы мен станса маңын, әскери бөлім маңайын жарылмай қалған оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жарылмай қалған 24 снаряд табылды және олар арнайы техникамен қауіпсіз аймаққа шығарылатын болады.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Бұған дейін екі адамның қаза тапқаны хабарланды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар