Арыстағы жарылыс салдарын жоюға қай елдер көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыстағы қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан кейін туындаған төтенше жағдайдың салдарын жоюға Үндістан, БАӘ, АҚШ сияқты елдер ақысыз негізде көмек көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында айтты.

«Шынымен де біздің әріптестер Арыс қаласындағы оқиғадан кейін үлкен көмек көрсетті. Бәрінен бұрын Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасының бірден байланысқа шығып, өз мамандарын консултативтік көмек көрсетуге жіберді. Сондай-ақ, АҚШ Қорғаныс министрлігінің мамандары да баға жетпейтін үлкен жұмыс атқарды. Қарулы күштердің минадан тазарту орталығына ақысыз негізде саперлік құрылғылар, оқу-жаттығу кескіндерін, өзге де құрылғылар мен қондырғылар берді. Ол құралдар бүгінге дейін мамандарды дайындауға қолданылып жүр. Одан бөлек консултативтік сипатта үлкен көмек көрсетті. Нақты айтсақ, төтенше жағдай салдарын жоюға тартылған біздің саперлер мен мамандардың әрекетін бағалау бойынша көмектесті», - деді министрдің орынбасары.

Ақысыз негізде қондырғы беру жағынан Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктері де тартынып қалмаған.

«Біріккен Араб Әмірліктері 43 млн теңгеден астам қаражатқа қондырғылар берді. Үндістанның қорғаныс ведомствосы ақысыз негізде жарылыстан қорғайтын костюмдер берді. Бұл көмектердің бәрі қажеттілігі бойынша бағытталды. Шетелдік мамандар біздің мамандардың төтенше жағдай салдарын жою және оған дейінгі кезеңде атқарған әрекеттері мен шешімдерін жоғары бағалағанын айтқым келеді», - деді Тимур Дәндібаев.


Соңғы жаңалықтар