Арыстағы жарылыс: Алматы облысында кәсіпкер өз кеңсесінен арнайы штаб құрды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғындары Арыстағы ағайынмен бірге. Жетісулықтар қайырымдылық шараларын бастап, жарылыстардан зардап шекккен азаматтарға қол ұшын созуға дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысындағы мемлекеттік қызметшілер, ведомствалық және бюджеттік мекеме жұмысшылары Арыс тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында бір күндік жалақысын аударады. Сондай-ақ өңірде #ЖетісуАрыспенБірге хэштегі аясында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылатын болады.

Арыс тұрғындарына қолдау көрсетуде Талдықорған кәсіпкерлері де белсенділік танытуда. Дәурен Талипов есімді кәсіпкер арнайы есепшот ашып, барша азаматтарды белсенді болуға шақырды.

«Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты барлық азаматтарды аталмыш қала тұрғындарына қолдау білдіріп, көмек көрсетуге шақырамыз. Жиналған қаражат қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. Арыс қаласының тұрғындарына жұмсалады», - деді ол өзінің Faceboоk-тегі парақшасында.

Кәсіпкер өз кеңсесінде арнайы штаб құрып, қызметкерлеріне барлық келіп түскен материалдық көмекті тіркеуге тапсырды. Дәурен Талипов жиналған заттар мен қаражат жұма күні Арысқа жіберілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар