Арыстағы жағдайды жеке мақсаттарға пайдаланатындарға жол бермеуіміз керек - Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының мұрындық болуымен Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан Арыс қаласының тұрғындарына гуманитарлық көмек тиелген автокеруендер жолға шықты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Айтып келмеген апат Арыстағы ағайынға ғана емес, бүкіл Алашқа ауыр соққы болып тиді. Әп-сәтте әбігер күйге түстік. Бірақ байбаламға бармай, осы келеңсіздікті өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланғысы келетіндерге жол бермеуіміз керек. Ол үшін әрине, қандай жағдай болса да елдік пен бірлікті ту етіп әрекет ететін әдетімізге салып, жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Өйткені «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай көмек керуенінің лек-легімен ағылып жатқанын көріп отырмыз. Сын-сағатта біртұтастықтың биігінен көріне білген халықтың бұл әрекеті көңіл қуантады», - деп жазады Мәулен Әшімбаев.

Оның атап өтінше, осы игі істе «Nur Otan» партиясы да белсенділік танытып, көмек жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Соның нәтижесінде алғашқылардың бірі болып кеше «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалы азық-түлік, киім-кешек және басқа да керек-жарақтардан тұратын 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Партияның мұрындық болуымен Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да автокеруендер жолға шықты.

«Сонымен қатар, партиямыздың Ақмола облыстық филиалы Щучинск-Бурабай демалыс орындарында арыстық 100 баланың демалысын қамтамасыз етеді. Павлодар облысы да жазғы маусымда 300 баланың демалысына жағдай жасауға дайын. Осыған байланысты балалардың тізімін жасақтау жұмыстары да басталып кетті. Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері, соның ішінде білікті психолог мамандар апат болған өңірге арнайы барып, зардап шеккен ата-аналар мен балаларға жан-жақты көмек көрсетуде», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Ол жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өтеді.

«Қазіргі таңда «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері аймақтағы еріктілердің басын қосып, білек сыбанып әрекет етуде. Алдағы уақытта да партия тарапынан қолға алынған ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасады. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апат болған орынға арнайы барып, зардап шеккен азаматтармен кездесіп, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Жағдай бақылауда. Сондықтан Қазақстан халқы бұл сыннан да сүрінбей өтіп, бірлік пен берекенің жарқын үлгісін көрсететініне кәміл сенемін.

Партиямыздың барлық облыстық филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдайтын орындар тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын тағы бір айтып өткім келеді. Аталған қабылдау пунктерінің мекенжайлары мына сілтемеде hhttps://nurotan.kz/news/news-detail/8621көрсетілген, - деді М.Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар