Арыстағы жағдай бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсетті – Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Өткен жылы Арыс қаласында болған жарылыстан кейінгі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 7 634 нысан қайта қалпына келтіріліп, жаңадан құрылыстар салынды.

Тағы 68 әлеуметтік нысан қайта қалпына келтірілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, Арыстағы жағдай барша қазақстандықтарды біріктірді. Апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысты.

«Арыс оқиғасы халқымыздың береке-бірлігін, ынтымақты ел екенін айқындады. Апаттан кейін бүкіл қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң бақылауында болды. Ел бірлігінің арқасында «жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей» бұл сыннан да сүрінбей өттік»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңір басшысының сөзінше, бүгінде Арыс қаласындағы көшелер қайта жөндеуден өткен. Шағын шаһарда абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Аталған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қала одан әрі көркейіп, жаңа кейіпке енді.

«Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан барлық облыс, қала әкімдеріне, тиісті министрліктер мен ұлттық компания басшыларына, үкіметтік емес ұйымдар мен партияларға және сын сағатта қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдіремін!»,- деді Өмірзақ Естайұлы.


Соңғы жаңалықтар