Арыстағы қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болған жоқ - Қорғаныс министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыста жарылған қоймада қандай оқ-дәрілер сақталғанын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыстағы қоймада радиоактивті элементі бар оқ-дәрілер болған жоқ. Онда зымыранды-артиллериялық қарулардың оқ-дәрілері, инженерлік оқ-дәрілер, сонымен бірге атыс қаруларының патрондары, қол гранаталары, танкке қарсы басқарылатын зымырандар, зенитті басқарылатын зымырандар, әртүрлі калибрдегі стратегиялық жүйелерге арналған снарядтар, пиротехникалық заттар мен стратегиялық комплектті элементтер болған. Ол жерде ешқандай радиоактивті элементтің болмағанын хабарлаймыз», - деді Тимур Дандыбаев.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Бұған дейін үш адам қаза тапты. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар