Арыстағы әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден беріледі - Мамин

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына келіп, халықтың тұрмыс тіршілігімен танысты. Орын алған төтенше жағдайға байланысты жиын өткізіп, қаланы қалпына келтіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында Үкімет басшысы Арыстағы әрбір отбасы мүшесіне, яғни 44 781 тұрғынға 100 мың теңгеден берілетінін айтты. Үкіметтен бөлінетін қаражат бір айдың ішінде тұрғындардың қолына тиеді. Ал, әскери қару-жарақ қоймасын көшіру 2 апта ішінде басталады.

Асқар Мамин сондай-ақ, Арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетінін жеткізді.null

Бұдан бөлек, теміржолшылар қаласы алдағы екі жылдың ішінде толық газдандырылады. Жаңадан бір аурухана салынатын болды. Қаладағы 4 мыңнан астам бала өзге өңірлерге жазғы демалысқа барады.

Қираған ғимараттар бір айдың көлемінде қалпына келтіріліп, жарылғыш заттар екі аптаның ішінде қауіпсіз аймаққа көшіріледі.

null null

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізді. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

27 маусым күнгі ақпаратқа сәйкес, қала көшелерінен 5700-ден астам әскери снаряд табылды. Олар жойылу үшін көліктерге тиеліп, дайындалды. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген арнайы мамандар дезинфекциялық жұмыстар жүргізді.

Ал, 28 маусым, таңертеңгі сағат алтыдан бастап Шымкенттегі 53 эвакуациялық пункттен Арыс тұрғындары өз үйлеріне орала бастады. Осы күні кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, 14 мың арыстық үйлеріне жетті.

ҚР Қорғаныс министрлігі қала аумағы жарылғыш заттардан толық тазартылғанын мәлім етті. Дегенмен, саперлар жұмыстарын жалғастыратын болады.

28 маусым күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын тағы бір мәлімдеді.

Арыс теміржол станциясының бас жолдарында қозғалыс қалпына келтірілді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы Арыс қаласында тұрып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеке қадағалайтыны анықталды.

29 маусым, таңертеңгі уақыттағы жағдай бойынша, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарындағы эвакуациялық бекеттерде болған Арыс тұрғындары толығымен үйлеріне оралды.

Соңғы жаңалықтар