Арыстағы апат ең алдымен адамшылық пен ынтымақты көрсетті - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Арыстағы жарылысқа қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, мен Арыста қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қайғырып көңіл айтқым келеді. Бүкіл халық сіздермен бірге қайғы жамылды. Түркістан облысының әкімдігі мен Қорғаныс министрлігі бірден болған оқиға туралы хабар таратып отырды. Бірнеше сағаттың ішінде жергілікті халықты эвакуациялау бойынша ауқымды кампания жүргізілді. 15 эвакуациялық пункт ашылып, шұғыл желі іске қосылды. Сол күні Арысқа Президент ұшып барды. Қазіргі уақытта ел басшылығы аймақта болған жайды толығымен бақылауында ұстап отыр», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр «бұған кім кінәлі?» деген сұрақты билік тарапы ұмыт қалдырмайтынын жеткізді.

«Сондықтан, болған оқиға барынша зерттеліп, оның себебі анықталады. Сөзсіз, билік бейбіт заманда оқ-дәрілер қоймасындағы жарылысқа жол берілмеуі керектігін жақсы ұғынып отыр. Бірақ, мұндай жағдай біздің елде ғана болып жатқан жоқ. АҚШ-ты еске алыңыз. Пенсильвания штатында бір жыл бұрын оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болып, бір адам қаза тауып, төртеуі жараланған болатын. Өткен жылдың 10 тамызында Солсбери қаласында әскери құрылғылар зауытында жарылыс болып, бір адам көз жұмып, бір адам қатты жараланған еді. Мұндай мысалдар көп. Алайда бұл ақталу емес. Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, қандай да бір шешім шығаруға әлі ерте. Бірақ, кінәлілер жазаланып, залалдың қалпына келтірілетінін айтқым келеді. Ең алдымен, халыққа барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деді ол.

Дәурен Абаев бұл жерде мектеп немесе бизнес-орталық емес, 45 мың адам тұратын толықтай бір елді мекенге эвакуациялау жұмысы жүргізілгенін де ескеру керектігін атап өтті.

«Жарылыс барысында халықтың бір бөлігі өндірісте, екіншісі егінде жүрген. Біреуі үйде, біреуі мектепте болған. Жарылыс аяқ астынан болды. Десе де, жағдайды реттеуге мүмкіндік туды», - деді ол.

Министр өз сөзінде «сол күні бензин Арыста әдейі қымбаттап кеткені рас па?» деген сұраққа жауап берді.

«Бірнеше жағдай болған шығар. Бірақ олар бірлі-жарым ғана. Бірлі-жарым жағдай үшін бәрін кінәлауға болмайды. Көп жағдайда адамдар бір-біріне көмектесіп, тегін жеткізіп тастауды ұсынған. Зардап шеккендерді үйіне орналастырды. Жалпы, Арыстағы трагедия - ең алдымен адамшылықты, ынтымақты, біздің азаматтардың қиын кезеңде көмектесуге даяр екенін көрсетті. Ерліктің қаншамасы кадрдың сыртында қалды. Өрт сөндірушілер өз жанын шүберекке түйіп, қиын жағдайда адамдарды қауіпсіз жерген көшірді. Олар жарылып жатқан снарядтың жанында тілсіз жаумен алысты. Құқық қорғау органдары сол күнгі ұрлықтарды тыйды. Елдегі еріктілердің ерлігінің өзі неге тұрады? Бизнесмендерден бастап қарапайым азаматтарға дейін - бәрі де бір кісідей көмек жинады. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылу деген осы», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықтың алдына шығып, Арыс халқы ертеңнен, яғни 27 маусымнан бастап үйлеріне қайта алатынын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар