Арыста Тәуелсіздік мерекесіне орай 16 нысан ел игілігіне берілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Арыста Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 108 отбасы баспаналы болды. «Көктем-2» мөлтек ауданының маңында жаңа спорт алаңшасы ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдері үшін Арыс қаласына пресс-тур ұйымдастырды. Онда журналистер Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңадан пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй және бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу рәсіміне қатысты.

Бұл күні «Көктем-2» мөлтек ауданында 36 пәтерлік үш бірдей көпқабатты үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, 108 пәтердің кілтін қуаныш иелеріне табыстады. Үш қабаттан тұратын нысандардың жалпы сметалық құны 841 млрд 781 млн теңгені құраған.

Құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, биыл аяқталып отыр. Ал, жаңадан пайдалануға берілген спорт алаңшасының сметалық құны 60 млн теңгені құраған. Балаларға арналған алаңшаның құрылыс жұмыстарын «Самұрық - Қазына Транс» АҚ-ның тапсырысымен мердігер «Мастер - Қазстрой» ЖШС жүргізген.

Одан бөлек, журналистер абаттандыру жұмыстарынан өткен қос бірдей саябақты аралап көрді. Әл-Фараби көшесі бойында орналасқан «Құрметті азаматтар» саябағын абаттандыру жұмыстары өткен жылы басталып, биыл аяқталып отыр. Онда ағаштар отырғызылып, орындықтар мен жарықшамдар қойылған. Осы көшенің бойындағы абаттандыру жұмыстары жүргізілген «Мәңгілік ел» саябағы да елдің қуанышына айналып отыр.

Айта кетейік, Арыс қаласында мерекеге орай 16 нысан ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, үш білім, екі саябақ, үш тұрғын үй, бір спорт алаңшасы, екі бірдей көпір, және екі нысан электр энергиясымен жабдықталып, бірнеше аумақтарға абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар