Арыста оқ-дәрілерді жоюға роботтандырылған кешен қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласында оқ-дәрі қоймаларындағы өрт салдарын жою жұмысын тексерді, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелерге барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы инженерлік-саперлік құрама жасақтың қызметіне зер салды. Оған оқ-дәрілер қалдықтарын жинау мен оларды кәдеге жарату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жұмысқа заманауи инженерлік техника жұмылдырылады. Атап айтқанда, оператор қорғалған пункттен басқарылатын «tEODor» роботтандырылған кешені қолданылады. Роботтың салмағы 100 кг дейінгі заттарды 2 шақырым қашыққа тасымалдауға қабілетті.

Заманауи ыңғайлы және жеңіл басқарылатын экскаватор машиналары қолданылады.

«Оқ-дәрілерді жинау мен кәдеге жарату әдістемесі үнемі жетілдіріліп отырады. Бүгінгі таңда оқ-дәрілерді жинау арнайы контейнерлерде жүзеге асырылады, онда олар белгіленген жерге жеткізіліп, жойылады. Бұл саперлердің оқ-дәрілермен тікелей байланысын азайтуға және төтенше жағдайлардың пайда болу мүмкіндігін азайтуға мүмкіндік береді.

Саперлермен жұмыс барысында бейнебақылау құралдарымен және дозиметр аспабымен жарақталған отандық өндірістің «Сақтау» жинаққа қарсы қорғаныш костюмдері пайдаланылады», делінген хабарламада.

Қалада және оның айналасында оқ-дәрі қалдығы әлі ізделіп жатыр. Көптеген жағдай табылған заттар жергілікті тұрғындарға қауіп төндірмейтіні атап өтілді.

Әскери саперлер қалаға іргелес аумақтарда егіс науқанын қауіпсіз жүргізу мен мал жаюды қамтамасыз етті. Жергілікті тұрғындар да әскери қызметшілердің жұмысына түсіністікпен және қолдаумен қарайтыны атап өтілді.

«Сонымен қатар, белгісіз заттарды тапқан кезде әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігі мен азаматтардың іс-қимыл тәртібі туралы тұрғындарды хабардар ету бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар мен ұтқыр минасыздандыру топтарының өзара тығыз іс-қимылы ұйымдастырылған», делінген хабарламада.

Қорғаныс министрі бірқатар тапсырма берді. Олардың көбі өрт салдарын жоюға қатысатын жергілікті тұрғындар мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде болды.

Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімдерде қорғаныс ведомствосының басшысы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталу жай-күйін, әскери объектілердің өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздік жағдайын тексерді.

Қорғаныс министрі сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде барып, әскери кафедрадағы оқу үрдісінің жай-күйімен танысты.

Соңғы жаңалықтар