Арыста құтқарылған азаматтың туыстары әскерилерге алғысын білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне қазақстандық сарбаздар құтқарған Мұрат Шүкірбековтың туыстары хабарласып, алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, денсаулығы нашар Мұрат Шүкірбеков (өздігінен жүре алмайды) үйінің жарылыс болған аймақтың ортасында орналасқанына қармастан қауіпті жағдай туындағанда ешқайда шығып кете алмаған.

Осы оқиғадан хабардар болған соң және жағдайда нақты бағалаған ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» қолбасшылығы басшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев шұғыл түрде 6506 әскери бөлімінің офицерлері майор Арман Өтенов пен аға лейтенант Нұрлыбай Досыбайды мүмкіндігі шектеулі азамат қалған мекенжайға жібереді. Қажетті жерге келген әскерилер Мұрат Шүкірбековты тауып алған. Ол кезде жалғыз қалған азаматтың ішетін суы жоқ және азық-түліксіз қалған. Оның үстіне ұялы телефоны да өшіп қалыпты.

Ұлттық ұлан сарбаздары майор А.Өтенов пен аға лейтенант Н.Досыбай Мұрат Шүкірбековті сумен және азық-тұлікпен қамтамасыз етіп, ұялы телефонын қуаттандырып, оның туыстарымен байланысқа шықты.

Айта кетерлігі, Мұрат Шүкірбеков өзінің үйін тастап шығудан түбегейлі бас тартты. Ол тіпті өзінің туыстарының айтқанына да көнбеді. Әскери қызметшілер осыған байланысты жақын арадағы әскери бөлімнің кезекшілігіндегі сарбаздарды шақыртып, Мұрат Шүкірбековтың туыстары келгенше оған бас-көз болуды тапсырды.

Мұрат Шүкірбековтың туыстары Ұлттық ұлан сарбаздарына олардың жедел әрекеті мен адамдардың мәселесіне құлақ асып, көмектескендері үшін алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар