Арыста көлік қағып кеткен қарияға елордалық дәрігерлер көмек көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыс қаласында көлік қағып кеткен қарияға Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арысты қалпына келтіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласынан барған штабтың мүшесі Жомарт Айтқазының айтуынша, оқыс оқиға 18 тамызда Арыс қаласының Ақынбеков көшесінде (Нұр-Сұлтан қаласының штабы орналасқан ғимарат алдында) болған.

Mitsubishi маркалы жеңіл автокөлік велосипед мінген қарияны қағып кеткен.

«Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы жедел жәрдем қызметінің Арыстағы кезекші бригадасы 3 минут ішінде келіп жетті. Елордалық дәрігерлер қарияға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қалалық орталық ауруханаға жеткізді. Қатты соққының салдарынан, 1946 жылғы азамат жабық түрдегі бас және бірнеше дене жарақатын алған, орта дәрежеде миы шайқалған», - деді Жомарт Айтқазы.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта зардап шегушінің денсаулығы бақылауда.

Айта кету керек, Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарын жою, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің штабы құрамында елордалық жедел жәрдем қызметінің бригадасы жұмылдырылған. Нұрсұлтандық дәрігерлер 28 маусымнан бастап штаб мүшелері мен арыстықтарға медициналық көмек көрсетіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар