Арыста қаза тапқан әскери қызметшінің денесі бүгін СҚО-ға жеткізіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында Арыс қаласында қаза тапқан әскери бөлімнің қызметкері Аманжол Ақышевті ақтық сапарға шығарып салуға әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше, 11 қазан күні Арыс қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған полигонда оқ-дәрі қалдықтарын жою кезінде әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор Аманжол Ақышев қаза тапқан еді.

Аманжол Сабырұлы Ақышев 1986 жылы СҚО Мамлют ауданы Афонькино елді мекенінде туған. Ата-анасы осы ауылда тұрады. Артында әйелі мен екі баласы қалды.

СҚО-ның Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен мәлім еткендей, осы оқиғаға байланысты өңірге ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев бастаған топ және Аманжол Ақышевпен бірге қызметтес болған әріптестері келе жатыр. ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов өңірге жетті. Жерлеу рәсімімен байланысты барлық шығынды министрлік өз мойнына алды. Сондай-ақ ведомство марқұмның отбасына материалдық-әлеуметтік көмек беретіні мәлім болды.

Әскери қызметшінің денесі бүгін Түркістан облысынан СҚО-ға жеткізіледі. Жер қойнына тапсыру рәсімі ертең өтеді.

Айта кетейік, Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан полигон аумағында оқ-дәрілердің қалдықтары бұған дейін де жарылған болатын. 21 қыркүйек күні жарылыс салдарынан 10 сапер жарақат алды.

Аталмыш полигонға Арыс қаласының территориясынан жиналған оқ-дәрі фрагменттері жеткізіліп, жойылып отырған.

Еске салсақ, Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс биылғы 24 маусым күні болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бүгінде Арыс қаласы 13 секторға бөлініп, онда ел өңірлерінің қолғабыс етуімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар