Арыста қанша жарылыс болды - Қорғаныс министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев Арыста шамамен қанша жарылыстың болғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әртүрлі бағалау бойынша 30-ға тарта... Бірақ, ол жерде ешкім нақты санаған жоқ. Дегенмен, ол жерде қанша оқ-дәрінің сақталғанын ескере отырып, 40-50-ден кем болмайтын жарылыстың болғанын болжап отырмыз», - деді Тимур Дандыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Арыстағы апат элементтері бейнеленген әртүрлі сипаттағы ақпараттар легі ағылуда.

«Ол қоймада артиллериялық оқ-дәрілер, реактивті оқ-дәрілер, белсенді зымыранды снарядтар мен гранатометтар сақталған. 1-3 оқ-дәрінің ұшу ұзақтығы - артиллериялық немесе гранатометтік болсын - 200 метрдей болған. Яғни, әскери бөлім аумағын алған. Тек реактивті снарядтар ұшу ұзақтығы жағынан 20 шақырымға дейін шырқап кеткен. Бірақ, ол снарядтар жарылмай, металл заттар күйінде жан-жаққа шашыраған. Алайда жерге түскен кезде адамдарды жаралап, тіпті өлтіріп кетуге әбден қауқарлы еді. Мәселен, қаза болған азамат дәл осындай жарылыстың эпицентрінде қалған», - деді спикер.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Бұған дейін үш адам қаза тапты. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар