Арыста қала күні тойланды

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Арыс қаласында мерекелік іс-шара өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар, сондай-ақ арнайы келген қонақтар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыстың орталық әл-Фараби алаңында өткен қала күні мерекесінде шаһар басшысы Мұрат Қадырбек құттықтау сөз сөйлеп, атқарылған ауқымды істерді баяндап шықты. Мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, Елбасы және Президент тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып жатқанын атап өтті.

Жарылыстан кейін қаланың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстады. «Алғыс хат» пен «Құрмет грамотасымен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, қала әншілері алаңға жиналған қауымға өз өнерін паш етті. Ән-биден шашу шашты.

Айта кетейік, Арыс қаласы – Орта Азияның қақпасы, батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысы, қазақ теміржолшыларының құтты қонысы саналады. Тоғыз жолды тоғыстыратын қала ежелден-ақ батырлардың, жыраулар мен ақындардың, әншілердің – өнер иелерінің қасиетті қонысы, қара шаңырағы екені жұртшылыққа мәлім. Мұнда орын алған жарылыстан кейін қала қайта қалпына келтіріліп, тұрғын үйлер мен бірқатар нысандар жаңадан салынғаны белгілі.

Соңғы жаңалықтар