Арыста екі сағат ішінде 4 үйдегі өртті сөндірдік - Диас Тоқшыбаев

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыстағы апат барысында босқан жұртқа көмектесіп, өрт сөндіру жұмыстарына қатысқан төтенше жағдай өкілі ҚазАқпарат тілшісіне кешегі күннің қалай өткенін айтып берді.

2006 жылы азаматтық қорғаныс саласына келген Диас Тоқшыбаев қазір Шардара ауданындағы №15 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет етеді. Өзінің айтуына қарағанда Арыстағы жаралыс туралы хабар бөлімшеге сағат 9.30-да жеткен.

«Сағат 9.30-да хабар түсті. Ал 11.30-да Арыста болдық. Әскери есептегі 2 көлікпен 8 адам болып келдік. Келе салып қаладағы адамдарды қауіпсіз аумаққа оқшаулауға көмектестік. 3-4 сағат бойы содан босамадық. Қанша адамды қауіпсіз жерген шығарғанымыз нақты есімде жоқ. Санап тұратын уақыт болған жоқ. Арасында мүгедек жандар да болды. Бәрінен де соларға ауыр тиді», - дейді өрт сөндіруші.
nullnull

Диас Тоқшыбаевтың жасағы қас қарайған шақта өрт сөндіруге кірісіп кеткен.

«Бізді Аймауытов көшесінде жанып жатқан үйлерге бағыттаған болатын. Сондағы №43, 45, 47 үйлерді, Ақмырзаев көшесіндегі №27 үйді оттан арашаладық. Қора-қопсылары жапсарлас үйлерге жалын тізбек бойынша өтіп отырған ғой. Бұл 4 үймен 2 сағаттай алыстық. Соның арқасында өрт маңайындағы өзге үйлерге тарап үлгермеді», - дейді ол.

Өрт сөндіруші 2009 жылғы өрт кезінде де Арыста болғанын еске алды.
null null

«10 жыл бұрын да өрт сөндіруге келгенбіз. Ол кезде мұндай үрей, қирау болмаған еді. Абырой болғанда маңайымызға снаряд құлап, берекемізді алған жоқ. Ең бастысы қасымдағы жігіттердің бәрі аман-сау. Мұндай шақта ол да үлкен олжа. Түнгі сағат 23.00-ге дейін тынбай қимылдадық. Ал бүгін біздің орнымызға жаңадан келген лек шықты. Әлі де елдің қажетіне қарай жұмыс істей береміз», - деді ол.

Еске салсақ, Арыстағы жарылыс кезінде әскерилер өз күшімен екі техникалық аумақты сөндіріп үлгергендігін бұған дейін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар