Арыста «Бизнестен бизнеске көмек» жобасы жүзеге асуда

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Жарылыс болған Арыс қаласының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында еліміздегі сегіз ірі компания қаржылай көмек көрсетті. Бүгінде «Бизнестен бизнеске көмек» жобасы аясында 85 нысанға 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның басты үйлестірушісі «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі.Қаржылай демеу білдіргендердің қатарында «ERG көмек» корпоративтік қоры, «Корпораци Казақмыс» ЖШС, «КазАзот» АҚ, «Усть-Каменогорский титано-магниевый комбинат» АҚ, «Актюбинская медная компания» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС, «Восход Хром» ЖШС бар. Ал, құрылыс жұмыстарын «Алжа құрылыс» компаниясы атқаруда.

Жалпы Арыс қаласында 500-ден астам кәсіпкерлік нысаны бар. Қалада орын алған төтенше жағдай салдарынан олардың 484-не зақым келген. Сондықтан жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 316 нысанның иелері өз күшімен ғимараттарын ретке келтіріп алыпты. Ал, 12 коммерциялық объекті қатты зақымдалғандықтан толығымен бұзылған.

«Менің Атамекенім» ҚБ-не Арыстық шағын және орта бизнес өкілдерінен 133 өтініш түсті. Олардың басым бөлігіне көмек бердік. Ал, қалғаны құжаттарын толықтырып жатыр. Кәсіпкерлер қажетті құжаттардың толық пакетін жинақтап өткізген жағдай есептелген шығынға орай қаржы береміз», – дейді «Менің Атамекенім» ҚБ атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Бүгінде төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласындағы кәсіпкерлік нысандарын ретке келтіру жұмыстары үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұл іске өңірдегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен қатар, еліміздегі ұлттық компаниялар және ірі бизнес өкілдері белсенділік танытуда.

Соңғы жаңалықтар