Арыста балаларды суицидке итермелеумен айналысқан адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Семинарлар барысында ата-ана, мұғалімдердің цифрлық технология тұрғысынан қарағанда сауатсыз екені анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында «Өзіңді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен ұзақ жылдар бойы мектепте жұмыс істедім. Оқушылар арасында келіспеушілік болатынын, сынып жетекшісі осы мәселені шешуге тырысып жүретінін білеміз, бірақ соңғы уақытта буллинг тақырыбы өршіп кетті. Тіпті бірнеше жыл бұрын ғана кибербуллинг деген сөздің не екенін білмейтінбіз. Әлеуметтік желіге басқаның суреті, басқаның аты-жөнімен тіркеліп, ұл-қыздардың сеніміне кіріп алатындар шықты. Мемлекет басшысы осы тақырыпқа назар аударғаны қуантады», - дейді «Ехро&Women» халықаралық ұйымның басқарма төрағасы Лязят Асқарова.

Ол биыл осы тақырыпта семинарлар өткізгенін айтты.

«Семинарлар барысында ата-ана, мұғалімдердің цифрлық технология тұрғысынан қарағанда сауатсыз екені анықталды. Балаларымыз бұл жағынан әлдеқайда озып кеткен. Онлайн семинарларға 200-ге жуық адам қатысты», - дейді ол.

Лязят Асқарова булинг қазақы ортада да бар екенін айтты.

«Мысалы, кішкентай ғана Арыс қаласында Telegram каналы арқылы балаларды суицидке итермелеумен айналысқан адам ұсталды. Тіпті қазақ тілінде «Жұмаққа жетуге елу қадам» деп аталатын ойын пайда болды. Біз мұндай жағдайға дайын болмағанымыз анық», - дейді ол.

«Осыған қатысты заңды қатаңдату керек. Ең үлкен құндылық - адам құндылығы екенін ұмытпауымыз керек. Буллинг отбасынан басталады. Бала үйде зорлық-зомбылық, агрессия көріп жүрсе, ол оны мектеп және басқа да ортаға апарып, ішіндегісін солай шығаруға тырысады», - дейді «Ехро&Women» халықаралық ұйымның басқарма төрағасы.


Соңғы жаңалықтар