Арыста ауыл шаруашылығы мен туризмді қатар дамытатын ерекше жоба қолға алынды

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Қожатоғай ауылдық округінде іске қосылған «Мубарак Агро» шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы мен туризм қатар дамытылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл ғана жұмысын бастаған серіктестік бүгінгі таңда 400 бас қисары асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Одан бөлек, 30 бас жылқы бар.

Атакәсіпті қайта жандандыруды мықтап қолға алған серіктестікке қазірдің өзінде 200 млн теңге инвестиция тартылған.

Шаруа қожалығының төрағасы А.Шүкірбеков алдағы уақытта 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қожалық иесі бұл жерді демалыс орнына айналдыру үшін құс және балық шаруашылығын дамытуды көздеуде.

Осы мақсатта ол қожалық аумағынан тауық, қырғауыл, тауыс (павлин), үйрек, қаз сынды 9 түрлі құс түрін өсіріп, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуды қолға алмақ.

Кәсіпкер демалыс аумағында 3 үй, келушілерге арналған киіз үй, заманауи үлгідегі монша, бассейн, футбол және балалар ойын алаңшаларын салуды көздеп отыр.

Демалыс аумағын абаттандыру мақсатында биыл аталған қожалық иесі 8 гектар аумаққа бау-бақша өсірмекші.

Атап айтқанда, 4000 түп (жиде, терек, тұт, қарағаш) тал егілсе, келер жылы көктемде 10 000 түп (алма, жүзім, өрік, алмұрт, жаңғақ) егу жоспарда бар.

Серіктестіктің ашылу салтанатында сөз сөйлеген шаһар басшысы Г.Құрманбекова өңірдің ауыл шаруашылық саласының әлеуеті зор екенін айта келе шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек тоқтамайтынын айтты.

Айта кетейік, құны 1 миллиардтан астам теңгені құрайтын серіктестіктің жалпы жер көлемі — 12 гектар.

Жоба аясында 50-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.


Соңғы жаңалықтар