Арыста 80 жастағы кейуана бір жарым тәулікті төтенше аумақта өткізген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан сарбаздары Арыста қорғансыз қалған 80 жастағы әжені құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 маусым күні сағат 15.30 кезінде Арыс елдімекенінде қоғамдық тәртіпті қадағалаған Ұлттық ұланның әскери қызметшілері - патрульде жүрген қатардағы жауынгерлер Д.Ауданбаев пен Ж.Төлеубай Әйтеке би көшесімен келе жатып, аулалардың бірінен егде адамның дауысын естіп қалады. Аулаға кіргеннен кейін олар 80 жастағы әже - Кравченко Томис Федоровнаның жүргенін көрген. Егде адам қорғансыз қалып, жан-жағынан көмек сұрап жүр екен. Оның денсаулығының жағдайы мен мән-жайды анықтағанша, оның күйі күрт ауырлай түскен», - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен.

Ұлттық ұландықтар бірден жедел жәрдем көлігін шақырған. Арыстағы бөлімшенің фельдшері Туғанбаева бастаған медицина қызметкерлерінің тобы оқиға орнына 15 минутта жетіп, 80 жастағы әйел аурухана дәрігерлеріне тапсырылды.

«Әскери нарядтың уақтылы әрі жылдам әрекетінің арқасында адам құтқарылды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан үш адам мерт болды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар