Арыста 50 күн ерікті болған қарағандылық «Құрмет» орденімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағандылық футбол бапкері және оқытушы Евгений Хисметов Арыс қаласында ерікті болғаны үшін «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол YouTube желісіндегі бейнероликтен кейін Арысқа баруды ұйғарған және 50 күн бойы қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.

«Бейнероликте баласын құшақтаған ер адам жол бойында кетіп барады. Оған еш көлік тоқтамайды. Әйелдер «Тікұшақ қайда? Көмектесіңдер!» деп айғайлайды. Осы көріністен кейін Арысқа барамын дедім. Әйелім қорықты. Жүгімді жинап, достарымнан қарызға ақша алып, жолға шықтым. Алғашында гуманитарлық көмек тараттым. Кейін шымкенттік жігіттермен танысып, апаттық жағдайдағы үйлерді бұзуға көмектестім. Үйіндіні КамАЗ-ға артып шығардық. Сосын қоймада таңғы 8-ден түнгі 11-ге дейін жұмыс істедім. Түнгі 2-ден 4-ке дейін құрылыс материалдарын күтіп алатынмын. Далада гипсокартонға көрпе төсеп ұйықтадық. Осылай 50 күн жұмыс істедім», - деді Е. Хисметов Ақордада тілшілерге берген сұхбатында.

Кейіпкер өз әрекетін ерлік деп ойламайды. Ол келесі жылы Арысқа қыдырып баруды жоспарлап жүр.

«Кетерде маған ерікті болды деген анықтама берді. Ол туралы ұмытып та кеткенмін. Бірақ, таныстарым мен туралы Интернетке жазыпты. Тілшілер сұхбат алды. Арыста «Құрбан Айтты» бірге тойлаған достарым бар, келесі жылы соларға қонаққа барамын. Алғашында қатты арықтап едім, кетерде тағы тойдырып жіберді», - деп қалжыңдады Евгений.

Евгений Хисметов – үш баланың әкесі, «Арыстан» жеке қайырымдылық қорының құрылтайшысы. Ол Қарағанды облысы Саран қаласындағы Арнайы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде бапкер-оқытушы болып жұмыс істейді.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан кейінгі Арыс қаласын қалпына келтірген әскерилерді, дәрігерлерді, тәрбиешілер мен еріктілерді марапаттады.

Президенттің айтуынша, Арысты қалпына келтіруге 10 мың адам, 250 компания және 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта нысандардың 97% жөндеу жұмыстары аяқталды.




Соңғы жаңалықтар