Арыста 11 жастағы волонтер гуманитарлық жүкті түсіріп, үйлерге жеткізіп жүр

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыста 11 жасар бала гуманитарлық жүктерді түсіріп, үйлерге жеткізуге көмектесіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арыстағы батырлар туралы әңгімелеуді жалғастырамын. Кішкентай ғана Айдос Әбсаттар (11 жаста) алғашқы күннен бастап фураларды түсіріп жатыр. Әрбір отбасы үшін Пакеттер әзірлеп, жүк түсірушілерге су жеткізуде. Арыс қалалық Қожанов атындағы орта мектептің 7-сыныбы оқушымен мақтана алады. Оның бойы кішкентай болғанымен, жүрегі кең», - деп жазды Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook-те.

Сондай-ақ ол осы уақытқа дейін әрбір арыстық отбасына 198 тонна гуманитарлық жүк таратылғанын мәлім етті.

«Бүгін Арыста салқын болып тұр, бар болғаны +36. Дегенмен, Түркістаннан келген волонтерлардың жан тері төгілуде. Кеше жастар қолдарымен 269 тонна гуманитарлық жүкті түсірді. 198 тоннасын Газельдерге тиеп, арыстық әрбір үйге жеткізді. Резервте 70 тонна бар. Тағы 10 жүк көлігі жолда келе жатыр», - деді әкімнің кеңесшісі.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.


null
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізді. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

27 маусым күнгі ақпаратқа сәйкес, қала көшелерінен 5700-ден астам әскери снаряд табылды. Олар жойылу үшін көліктерге тиеліп, дайындалды. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген арнайы мамандар дезинфекциялық жұмыстар жүргізді.

Ал, 28 маусым, таңертеңгі сағат алтыдан бастап Шымкенттегі 53 эвакуациялық пункттен Арыс тұрғындары өз үйлеріне орала бастады. Осы күні кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, 14 мың арыстық үйлеріне жетті.

ҚР Қорғаныс министрлігі қала аумағы жарылғыш заттардан толық тазартылғанын мәлім етті. Дегенмен, саперлар жұмыстарын жалғастыратын болады.

28 маусым күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын тағы бір мәлімдеді.

Арыс теміржол станциясының бас жолдарында қозғалыс қалпына келтірілді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы Арыс қаласында тұрып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеке қадағалайтыны анықталды.

29 маусым, таңертеңгі уақыттағы жағдай бойынша, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарындағы эвакуациялық бекеттерде болған Арыс тұрғындары толығымен үйлеріне оралды.

29 маусым күні Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына келді. Республикалық комиссияның отырысы барысында қаланың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілетіні айтылды. Сондай-ақ Арыс толығымен бір айдың көлемінде қалпына келтіріліп, жаңадан аурухана бой көтереді, газ жүйелері тартылады.

Жарылыс салдарынан зардап шеккен 7700-ден астам тұрғын үй толық жөндеуден өтеді. Үкімет басшысы Арысты қалпына келтіру бойынша жұмыстардың барлығын сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сондай-ақ қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша 10 кешенді іс-шара қолға алынатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар