Арысқа көмек: СҚО 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті

None
None
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандықтар «Арыс, біз біргеміз!» республикалық акциясына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халқымыздың бірлігін паш ететін «асар жасау» жақсы дәстүрі бар. Қиын сәтте Арыстағы ағайынға көмектесу үшін Солтүстік Қазақстан облысы асарлатып, келіп қалды. Қазір Арыста тұрғын үйлер қалпына келтірілуде. Атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын қадағаладым. Қазір мұнда біздің облыстың шұғыл штабы жұмыс істеуде», - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өзінің Facebook парақшасында.

Әкімнің хабарлауынша, солтүстікқазақстандықтар арыстықтарға 100 тоннадан аса гуманитарлық көмек жөнелтті.

«Арыс тұрғындарымен кездесіп, солтүстіктегі ағайынның сәлемін жеткіздім. Жан-жақты көмекке риза болған Арыс жамағаты солтүстікқазақстандықтарға алғыстарын айтуда», - деді әкім.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар