«Арыс жағасында» ретро-фестивалі тұңғыш рет Түркістанда өтеді
Айтулы шара былтырғы жылы тек бес композитордың ғана шығармашылығын насихаттауға арналса, биылғы фестивальде бірнеше сазгердің шығармалары орындалатын болады.
Түркістан облысына ғана тән фестивальдің мақсаты - барша қазақтың мақтанышына айналған жергілікті композиторларды, өнер ұжымдары мен әншілерді дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттау.
Биылғы жыр кешіне ҚР Мәдениет қайраткерлері әнші-сазгер Марат Омаров, Жұбаныш Жексенұлы, Хадиша Шалабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Иманбаева, әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлы, Асқар Жайлаубаев, «Астана», «Қарғабай», «Арбат», «Сарын» топтары өнер көрсетпек. Өнерпаздар жергілікті сазгерлердің халық арасында кеңінен тараған әндерін орындайды.
«Арыс жағасында» ретро - фестивалі 2010 жылдан бастап Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқовтың атына берілген гүлзарда жыл сайын өткізіліп келсе, биыл тұңғыш рет облыс орталығы - Түркістан қаласында ұйымдастырылып отыр.