Арыс тұрғындары үйлерін қалпына келтірген қарағандылықтарға алғыс айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылықтар Түркістан облысы Арыс қаласындағы ТЖ салдарын жою бойынша жұмыстарын аяқтады. Қарағанды облысына бекітілген №5 сектордағы барлық үйлер қалпына келтірілді, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Қажетті құрылыс жұмыстары, оның ішінде ұсақ жөндеу жұмыстары толық орындалды.
Арыс тұрғындары қарағандылықтарға көмек көрсеткені үшін алғыстарын білдіруде. Құрылысшылардың сапалы және жедел жұмысы қала тұрғындарына өз үйлеріне оралуға септігін тигізді.
Құрылыс барысын, қалпына келтіру жұмыстарының сапасы мен мерзімін Қарағанды облысының әкімі өзі бақылап отырды. Ерлан Қошанов Арыс қаласына сапары барысында Қарағанды облысына бекітілген нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездескен болатын.
Тұрғын үйді қалпына келтіру кезінде үй және пәтер иелерінің барлық талаптары ескерілді.


- Мен Әзімбеков көшесі, 170 үйде тұрамын. Осыдан бір ай бұрын біз қайда барып бас сауғалайтынымызды білмеген болсақ, бүгінде үйлеріміз толығымен қалпына келтірілді. Біз жасалған жұмыстарға өте ризамыз. Менің отбасым үлкен - 10 балам бар, барлығы өзімізбен бірге тұрады. Әрине, жарылыстан кейін үйіміздің жағдайы жан түршігерлік болған. Шаңырағымызға оралуға үрейлендік. Бірақ қарағандылықтар бір ай ішінде біздің үйімізді қалпына келтіріп берді. Осы уақыт ішінде бізбен бірге аулада тұрды, барлығымызға көмектесіп, бізге тамақ әкелді, - деді көп балалы ана Сәрсенгүл Жұмашева. - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлына және барлық балаларға, бригадирлерге үлкен алғысымды білдіремін. Үлкен рахмет, осындай жағдай енді қайталанбасын деп тілейміз.


Арыс қаласының тұрғыны Ақылбек Айтманбетов мамандар барлығына көмек көрсетіп, кез келген өтінішке жауап бергенін атап өтті.
- Тәуелсіздік көшесіндегі біздің үй Қарағанды секторына жатады. Алғашқы күннен бастап комиссия да, бастықтар да, жұмысшылар да бізге көмектесуде. Біздің үй соншалықты қатты қираған жоқ: терезелер мен есіктер сынып, шатырымыз құлады. Екі апта ішінде бәрі қалпына келді. Қарағандылықтарға біздің қайғыдан тыс қалмағаны үшін үлкен рахмет. Келіп, барлығын тез әрі сапалы жасады, - дейді Гүлмира Елтаева.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, Қарағанды фирмаларының жұмысына ешқандай наразылық жоқ.
- Қарағанды облысы бізге көмекке келген өңірлердің арасында алғашқылардың бірі болды. Мен тұрғындармен кездесулер өткіземін, олардың барлығы жұмысқа риза, бесінші сектор бойынша ешқандай шағым жоқ. Барлық негізгі жұмыстар уақытында аяқталды. 1 тамызға дейін, адамдар баспанасына еш қиындықсыз оралулары үшін үйді ретке келтіру тапсырылды. Бүгінгі күні бұл тапсырма орындалды. Шағын ғана жұмыстар қалды, жөндеу жалғасады және қала қыркүйек айына дейін толығымен қалпына келтіріледі, - деді ол. - 66 әлеуметтік нысан 15 тамызға дейін тапсырылады. Оларды қалпына келтірумен «Самұрық-Қазына» холдингі айналысады.
Арыс қаласында Қарағанды облысының 400-ге жуық құрылыс маманы жұмыс істеді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін штаб ұйымдастырылды, оның мүшелері зардап шеккендерге көмек көрсетті, оның ішінде шығынды бағалау және өтемақы алу үшін құжаттар жинауға жәрдемдесті. Пункттер тұрғын үйлердің аулаларында ашылып, демалыссыз жұмыс істеді.

Соңғы жаңалықтар