«Арыс» пен «Мақтаарал» командалары жолдастық кездесу өткізді

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Арыс қаласында «Арыс» пен Қазақстан Республикасының бірінші лигасында ойын көрсетіп жүрген «Мақтаарал» футбол командасы өзара жолдастық кездесу өткізді. Жарылыстан кейінгі күрделі жөндеуден өткен «Арыс» орталық стадионында ойынды көруге халық көп жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол додасына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, қос командаға сәттілік тіледі.

«Бүгін Мақтаарал ауданы мен Арыс қаласының құрамалары жолдастық кездесу өткізуде. Мұндағы мақсат - төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстық ағайындарды бір сәтке болса да бұқаралық спортқа тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады. Облыс әкімінің бастамасымен Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру үшін қала секторларға бөлінді. Шығыс Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданына 8-ші сектор бекітіліп, бүгінгі таңда үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып отыр. Бұл - біз үшін үлкен қуаныш, үлкен той. Сондықтан, бүгінгі футболдан өтіп жатқан жолдастық кездесу осы бір қуанышымызға арналады. Ендеше, қос командаға сәттілік тілеймін!» - деді Бақыт Асанов.

Тартысты өткен ойынның 17-ші минутында «Мақтаарал» командасының шабуылшысы, Премьер-лига ойындарының алғашқы голының авторы Абылайхан Махамбетов есепті ашты. Ал, ойынның 20-шы минутында «Арыс» командасының ардагер ойыншысы Қайрат Рысбаев таразы басын теңестірді. Қауіпті шабуылдар жасаған арыстық команда ойынның 23-ші минутында қонақтардың қақпасына екінші голды салып, алға шықты. Екінші голдың авторы 17-ші нөмірлі ойыншы – Максим Козоренко болды.

Ойынның екінші таймының тоғызыншы минутында арыстық команданың ойыншысы Әбілхайыр Абылай мақтааралдықтардық қақпасына гол соғып, есепті еселеді. Толассыз шабуылдардың арқасында «Мақтаарал» футбол клубының сұрмергені А.Махамбетов екінші голды қақпаға жолдаса, дәл сол ойыншы ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда алаң иелерінің қақпасына үшінші голды салып, кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды.

Соңғы жаңалықтар