Арыс оқиғасы ұлттық болмысымыздың жарқын үлгісін көрсетті - Бейсенбай Тәжібаев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел әбігерге салынды. Міне, осы төтенше жағдайдан кейін 1 ай уақыт өтті. Арыстың қазіргі жай-күйі қалай? Мемлекет тұрғындар алдындағы өз міндетін орындап жатыр ма? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаевпен сұхбаттасқан едік.

Жарылыс болған күннен бастап облыстық штаб құрамында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысып жүрген азамат қиын-қыстау кезеңде елдің жұдырықтай жұмылғанын айтады.

– 24 маусымда таңғы сағат 9.20-да Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі қоймасы жарылды. Жарылыстың дүмпуі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лезде Қазақстанды шарлап кетті. Арыс қаласындағы 45 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел штаб құрып, төтенше жағдай жариялады. Тұрғындарды қаладан тегіс эвакуациялау жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әрине, тұрғындардың басым бөлігі өз күшімен тастап шыққаны да жасырын емес. Дегенмен арнайы шешім қабылданған соң Арысқа ірі көліктер мен әскерилер жіберіліп, халыққа барынша көмек көрсетілді. Талай отбасыны апат орнынан алып шықты. Жарылыс болған сәтте ұлтымызға тән бауырмалдық, мейірбандық, адамгершілік сынды асыл қасиеттер жарқырап көрінді. Мыңдаған азамат Арыстан жөңкіле көшкен елді көліктерімен тегін тасымалдады. Арнайы қабылдау орталықтарына орналастырды. Әсіресе, тұрғындардың ұрпақ аман болсын деген ниетпен танымайтын адамдардың балаларын көлікке мінгізіп, қауіпсіз аймаққа апаруы, кейін ол балаларды ата-аналарына тапсыруы жанды тебірентті. Бұл елдігіміз бен бірлігімізді аңғартты. Қашанда өзгеге көмектескісі келіп тұратын халқымыз бұл жолы да мейірбандықтың асқан өнегесін көрсетті.


– Қоғамда осы төтенше жағдай туралы түрлі пікір бар. Сіздің ойыңызша апаттан кейінгі алғашқы күндері жергілікті атқарушы билік азаматтар алдындағы өз жауапкершілігін толық сезініп, өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындай алды ма?

– Бұл төтенше жағдай елімізге өте ауыр тиді. Тұтас бір қаланы эвакуациялау тәуелсіздік жылнамамызда болмаған сынақ. Алғашқы сәттен бастап билік тарапынан тұрғындарды қауіпсіз орындарға көшіру, оларды уақытша орындарға паналату мәселелері шешімін тапты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлі қауіп бұлты толық сейілмегеніне қарамастан оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты. Зардап шеккен тұрғындармен кездесті, Үкімет пен тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Жоспар құрылды. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ҚР ІІМ күштік құрылымынан, азаматтық қорғаныс органдарынан, полициядан және өзге де құрылымдардан 1 200-ден астам адам жұмыс істеді. Жүздеген техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер асқан жанкештілікпен өртті сөндірді.

Әскерилер мен білікті саперлар қысқа уақытта Арыс қаласы мен қала маңындағы 20 шақырымдық радиустағы аумақтарды түгел тазалап, зерттеп шықты. Оқ-дәрі қалдықтарынан тазалады. Қоймадағы өртті сөндіру үшін мыңдаған тонна су жеткізіліп, барлық залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды. Мемлекет пен тұрғындардың мүлкін қорғау үшін қауіпті аймақта әскерилер мен полиция жасақтарынан құралған топтар тәулік бойы күзетте тұрды. Қала қоршалып, тұрғындардың қауіпсіздігі қатаң сақталды. Төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилер күндіз-түні қызмет етіп, қаланы залалсыздандыру, тазалау жұмыстарымен айналысты. Президентіміздің тапсырмасымен Арыс қаласындағы әскери қойманы көшіру жұмыстары басталып кетті.

Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде Арыс қаласының 30 мыңнан астам азаматы тіркеліп, оларға жағдай жасалды. Жомарт жүректі жұртшылық тарапынан жиналған гуманитарлық көмек пен азық-түлік уақтылы жеткізіліп, қажетіне сай үлестірілді.

Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шараларын Жамбыл және Қызылорда облысының мамандары жүргізіп, толығымен аяқтады. Қаланың эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау үшін шұғыл жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 155 маманы мен 22 техникасы Арыс қаласындағы нысандарда тексеру, дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Ветеринарлық қызмет өкілдері өлген жануарлардың өлексесін жою және залалсыздандыру жұмыстарын істеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері арнайы зерттеу жүргізді. Мамандар Арыстағы атмосфералық ауаның таза, судың және топырақтың ластанбағандығын және радиацияның жоқ екенін мәлімдеді. Арысқа жақын Ордабасы және Отырар аудандарында госпитальдар құрылып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетілді. Қаланың электр және су жүйесі қалпына келтірілді.

Арыс оқ-дәрілерден тазарған соң облыстың түкпір-түкпірі мен Шымкент қаласындағы эвакуациялық орындардағы арыстықтарға арнайы көлік бөлініп, олар үйлеріне оралды. Қысқасы, мемлекеттік органдар өз мүмкіндігінше төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша жүйелі, әрі нақты жұмыстарды атқарып жатыр. Жарылыс зардабы ауқымды болғандықтан мәселелер көп, дегенмен мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынып, жағдай тұрақтанғанын айтқан жөн.



– Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 сектор арқылы жүргізіліп жатыр. Осы секторлардың жұмысына кеңірек тоқтала кетсеңіз...

– Жарылыс болған күннен бастап өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы арыстықтармен бірге екенін іспен дәлелдеп, осында 1 ай тұратынын айтты. Сол уәдесін орындап, әр аптадағы аппарат жиындары мен мәжілістерді Арыс қаласында тұрақты түрде өткізіп келеді. Облыс басшысы әрбір тұрғынның талап-тілегі ескеріліп, ақпараттар ашық әрі шынайы болсын деген талап қойды. Соған сәйкес, ҚР Қорғаныс министрілігі мен төтенше жағдайлар комитетінің және өзге де министрліктердің, Түркістан облысы мен Арыс қаласы әкімдігінің өкілдері күн сайын тұрақты түрде брифинг өткізіп, соңғы мәліметтерді баяндап отырды. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Арысқа апта сайын келіп, құрылыс барысын өзі қадағалап отыр.

Облыс әкімінің бастамасымен Арыс қаласында 17 сектор құрылды. Секторларға жауапты болып, 14 облыс пен 3 қаланың әкімдіктері бекітілді. Сонымен бірге Түркістан облысындағы аудан және қала әкімдіктері де облыстармен бірге жұмыс істеп жатыр. Әр облыс өзіне тиесілі секторда құрылыс жұмыстарына жауапты болса, аудандар тұрғындарды тіркеу, өтемақыға құжаттарын жинау, тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдау, гуманитарлық көмекпен қамту, тазалық жұмыстарымен айналысты. Секторларда штаб құрылып, бекітілген мамандар елдің талап-тілегіне сай жұмыс істеді. Әр штабта жедел медициналық бригадалар тұрақты түрде тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр.

Облыстар мен қалаларға белгілі аумақтар бөлініп берді. Әр өңір өзіне жүктелген аумақтағы үйлерді салып жатыр. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам үй жөнделіп, иелеріне тапсырылды. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев өзі жүріп, қаланы қалпына келтіруге үлес қосуда. Аудан, қала әкімдіктері 100 мың теңге өтемақыға құжат жинау, азаматтарды тіркеу жұмыстарын толық аяқтады деуге болады. Сонымен бірге күн сайын қаладан жүздеген тонна қоқысты шығаруда.

Жұмыс бар жерде мәселелер де болады. Кейбір тұрғындар құрылыс барысымен, ақау актілерімен келіспеуі мүмкін. Олардың да талап-тілегі ескеріліп, үйлер қосымша арнайы сараптамадан өтуде. Бастапқыда 20-дан астам үйді қайтадан саламыз деп жоспарланса, қазір толық бұзылып, салынатын үйлер саны 300-ге жетті. Бұл – тұрғындармен тиісті жұмыс жүріп жатқанының, сапалы диалог орнағанының белгісі. Осы ретте штаб мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен әр секторда ауқымды жұмыс атқарылғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда 17 сектор бойынша да жергілікті белсенді тұрғындар тартылды. Әр 10 үйге бір белсенді тұрғын бекітіліп, олар өз көршілерінің мұң-мұқтажын, арыз-шағымын секторларға жеткізіп отырды. Яғни, жергілікті халық арасынан таңдалған 800-ге жуық белсенді де бізбен бірлесе жұмыс істеуде. Құрамы үкіметтік емес ұйым жетекшілері, ардагерлер, әйелдер кеңесі мүшелері, жастар, белсенділерден тұратын штаб мүшелері қаладағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысуда. Олар тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, туындаған мәселелерді бірлесе отырып шешуді жүзеге асыруда. Апат кезінде қиын жағдайда қалған отбасылармен, үйі тұруға жарамсыз деп танылған тұрғындардың мәселелерін жеделдетіп шешу, ауруханада жатқан зардап шегушілердің жағдайларымен танысу, зақым келген үйлердің бағалануы мен ақау актілерінің түзілуін қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жарылыстан үйі қатты зардап шеккен 28 отбасыға әлеуметтік көмектер көрсету жұмыстары қолға алынды. Азық-түлік пен гуманитарлық көмек жеткілікті деңгейде таратылды. Белсенді азаматтардың игі іске жұмылуы азаматтық қоғамның дамып келе жатқанының бір көрінісі деуге негіз бар. Бұл ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанымыздың айқын көрінісі. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді елдік мәселелерге бағыттап, солармен бірлесіп жұмыс істеу қоғам үшін пайдалы. Үйлердің құрылысы, бағалау жұмыстары, гуманитарлық көмек тарату тұрғындардың қатысуымен әділ әрі сапалы ұйымдастырылды.

«Түркістан» атты арнайы қор құрылып, оған ел тұрғындары мен кәсіпкерлер үлес қосты. Белгілі кәсіпкерлер мен компаниялар Арыстағы құрылысқа белсене араласып, жомарттығын аңғартты. Ел Үкіметі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, облыс, қала әкімдіктері де арыстықтармен бірге екенін іспен көрсетуде. Бүгінде қорға 1,9 млрд теңгеден астам қаржы жиналды.



– Жалпы төтенше жағдайдан кейінгі Арыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі?

– Біріншіден, жарылыстан зардап шеккен үйлер жөнделіп жатыр. Арыста 8 466 үй бар болса, оның 7 150-не зақым келген. Бұдан бөлек көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалып, осы нысандарда жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған. Бүгінде 2 048 үй жөнделді. Қаладағы 66 әлеуметтік нысан бойынша да жөндеу жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 4-еуі жаңадан салынады. Бұл жұмыстарға 1 788 жұмысшы, 29 компания жұмылдырылған.

Екіншіден, Арыс жұртшылығына еліміздің облыстары мен қалаларынан 800 тоннадай гуманитарлық көмек жеткізілгені белгілі. Бүгінде қоймадағы азық-түлік пен өзге заттардың 700 тоннасы тұрғындарға таратылды. Ал қалған 100 тонна азық-түлік секторлар бойынша анықталған 1 545 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға беріліп жатыр. Сондай-ақ Арыс қаласындағы 31 мүмкіндігі шектеулі адамға қол арба берілді. Бүгінде демеушілер есебінен «Мектепке жол» акциясы арқылы Арыстағы оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар әперіліп жатыр. Мәселен, жуырда ғана «Ембімұнайгаз» компаниясының жұмысшылары 402 оқушыға киім-кешек пен мектеп құралдарын сатып әперді. Қайырымдылық жұмыстары әлі де жалғасын табады.

Үшіншіден, Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі. ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша Арыс қаласы бойынша – 44 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4 232 адам, Дермене ауыл округінде – 2 052 адам, жалпы 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 миллиард теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы төлеуге ҚР Үкіметінің резерві есебінен және облыстық бюджеттен әлеуметтік қорға түскен қаржыдан бөлінеді деп жоспарланған. Қаржылай қолдау жуырда беріле бастайды. Бұл да тұрғындар үшін үлкен көмек.

Төртіншіден, қалада 4 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында олар демалыс орындарына жіберілуде. Шымкенттегі облыстық ардагерлер үйінде қазір 200-ден астам арыстық ардагер демалуда. Сайрам ауданындағы «Мерей» ардагерлер үйінде 190 ардагер ем қабылдап жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар Арыстағы балалар еліміздің әр аймағындағы ең мықты демалыс орындарына аттануда. Бүгінде 3 мыңдай бала лагерьлерде демалуда. Жалпы күзге дейін Арыс қаласында тұратын 4 010 бала демалыспен қамтылады.

Бесіншіден, әр апта соңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өтіп жүр. Мұнда өнімдер нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан сатылды. Жалпы арыстықтарға жан-жақты әлеуметтік қолдау бар. Оны ел біліп отыр.

– Арыстағы оқиғаны құбылтып, жалған ақпарат таратқандар да болды. Тұрғындар тарапынан да әлі де шағым айтып жатқандар бар. Бұл бағытта қандай әрекет бар?

– Жоғарыда айтқанымдай, 17 секторда арнайы өкілдеріміз тұрғындармен тікелей жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір шағым мен өтініш ескерусіз қалмайды. Өңір басшысы осындай талап қойып отыр. БАҚ беттері мен әлеуметтік желілердегі сыни материалдар мен шағымдар дереу тіркеліп, штабтарға хабарлануда. Ары қарай секторларда сол арыз бойынша нақты жұмыс атқарылып, жауабы жедел берілуде.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімінің баспасөз қызметінің мамандары апат болған алғашқы күннен бастап штаб құрамына кіріп, жедел ресми ақпарат таратып отырды. Өкінішке қарай, әр өңірден келген мыңдаған құрылысшының және өзге де отаншыл азаматтардың еңбегіне көлеңке түсіріп, жалған ақпарат таратқандар да болды. Қойма, оқ-дәрі туралы жұртты шошытатын дәлелсіз ақпарат таратқандар, шу шығарып, тыныштықты бұзғысы келгендер де кездесті. Құзырлы органдар ол азаматтармен тиісті жұмысты қолға алды. Жалпы дәлелсіз, жалған қауесет таратудың жауапкершілігі бар екенін, заң алдында жазалануы мүмкін екенін әркім білуі тиіс.

Бір қаладағы нысандарды жөндеу, бірқатарын басынан салу өте қиын шаруа. Бір үй салудың өзі машақаты мол жұмыс екенін білеміз. Ал 7 мыңнан астам нысанды жөндеу барысында шыдам мен сабыр қажет-ақ. Кейбір көшелерде ерте, кейбір көшелерде кеш жөнделеді. Бұған тұрғындар да БАҚ өкілдері де түсіністікпен қарағаны абзал. «Жұмыс жүрмей жатыр» деп шу шығару құрылысқа кері әсер етеді. Тиісінше секторларға барып, өтініш пен шағымды айтқан дұрыс. Бір нәрсе анық. Мемлекет тарапынан барлық тұрғынға қолдау көрсетіліп, зақымдалған үйлері жөнделеді. Осындай қысылтаяң шақта әр азамат Арысқа қолымен, ісімен, тым құрыса сөзімен көмектесуі керек деп ойлаймын.

Тарихы мыңжылдықтарға тамыр тартатын Арыс өзенінің бойы ежелден-ақ адамзаттың құтты қонысы болған. Жиырмасыншы ғасырдың басында Арыс стансасы салынып, қала дами түсті. Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан стратегиялық маңызы бар қала. Сондықтан бұл қаланың болашағы жарқын болады деп сенемін. Мемлекет басшысы тікелей бақылауда ұстап, барлық өңір әкімдіктері, тұтас Қазақ елі жұмыла көмектесіп жатқан бұл мекен қысқа уақытта қалпына келіп, тұрғындарды қуантатыны анық. Ол үшін бізге отаншылдық, бірлік және тынымсыз еңбек қажет. Еліміздің әр қиырынан келіп, Арыстың құрылысына үлес қосып жатқан азаматтарды, алғашқы күннен бастап көмегін аямаған барша қазақстандықтардың тілегі мен еңбегі ақталатындығына сенімдіміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина Тұрғанбайқызы

Соңғы жаңалықтар