Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат тексеріліп жатыр - ІІМ

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыс қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауға, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзетуге тартылды. Жалпы, жеке құрамның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетуде. Мұның ішінде 193 қызметкер және 23 техника азаматтық қорғау органдарына тиесілі. Сондай-ақ 270 қызметкер мен 30 техника полиция бөліністерінен тартылды», - деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, Арыс қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін ҚР Ұлтық ұланының әскери бөлімінен 500 жауынгер жолданды.

«Осы факті бойынша ІІМ-нің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімі Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркеді. Барлық жағдай ішкі істер органдарының қадағалауында», - делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, министрлік әлеуметтік желілерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралғанын және бұл ақпарат тексеріліп жатқанын атап өтеді.

«Оқиға орнынан көшірілгендердің орналасқан жерлерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі тұрғындарды үрейге бой алдырмауға шақырады. Ресми ақпараттарға ғана сүйену қажеттігін ескертеді. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде шұғыл желі ашылды. Онда кез келген ақпаратты тәулік бойы алуға болады. Желі нөмірі 8 (7252) 44-94-72», - деді министрліктен.

Бүгін таңертең Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды. Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды.Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.

ҚР Қорғаныс министрлігі ресми ақпарат таратып, түске дейінгі уақыттағы жағдай бойынша зардап шеккендер жоқтығын айтты. Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.

Оқиға салдарынан зардап шеккен 11 адам Шымкент ауруханасына жеткізілді.

Түркістан облысының ауруханаларына 31 адам түсті.

Соңғы жаңалықтар