Арыс қаласында 14 мВт электр қуатын өндіретін күн электр стансасы іске қосылады

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен аймақ басшысы Ақдала ауылдық округіндегі «Қазына жер LTD» ЖШС-не аялдады. Сүт өндірумен айналысатын серіктестік 2012 жылы құрылған. Мекеменің иелігінде 2858 гектар жері бар. Фермада голштин-фриз тұқымды 1200 бас ірі қара бағылуда. Әр сиыр тәулігіне 26 литрге дейін сүт береді. Мұнда 52 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, облыс әкімі Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС-не барды. Алкогольсіз сусындар шығаратын серіктестік 2018 жылы құрылған. 1 гектар аумақта орналасқан жобаның инвестициялық құны 250 млн теңге. Цех жылына 18 млн литр су шығаруға қауқарлы. Мекеме басшысы алдағы уақытта тәтті сусын түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
null

Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы «Ауылым - алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Бағдарламада Арыс қаласын көгалдандыру, саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қаралған. Сонымен қатар, салынғалы жатқан оқушылар сарайы, жазғы сауықтыру лагері және спорт кешенінің жобасын көрді. Қазіргі таңда Арыс қаласында дене шынықтыру - сауықтыру кешені жұмыс істеп келеді. 2015 жылы пайдалануға берілген кешенде спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан аймақ басшысы «Ауылым - алтын бесігім» жобасын жүйелі түрде іске асыра отырып, қала және елді мекендерде абаттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік нысандар саларда халыққа бірінші кезекте қажеттілік тудырып тұрған жобаларды қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуын қарқындатуға күш салу керектігін жеткізді. Мұндай жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар мен жеңілдіктердің қаралып жатқанын тағы да еске салды.
null

Одан бөлек, облыс басшысы «KazGreenTekSolar» ЖШС-не тиесілі күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін станса құрылысының жұмыстарымен танысты. Франциялық «УрбоСолар» компаниясымен бірлескен жобаға жеке және Еуропалық даму банкінен 7 млрд теңге қаралған. Стансаның жалпы аумағы 30 гектар жерді алып жатыр. Алдағы уақытта күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. Жоба іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
null

Аймақ басшысы Байырқұм ауылдық округінде құрылып жатқан "International company of Cotton" компаниясының SPK-1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде де болды. 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын жобаның жалпы инвестициялық құны 5 млрд теңгені құрайды. Кооперив меншігінде 5 мың гектар егістік жер бар. Бірінші этап бойынша 2 мың гектар жерді жыл соңына дейін игеретін болса, қалған жерді келесі жылы пайдаланатын болады. Жобаның ерекшелігі - гектарынан 6-8 тонна шитті мақта, 40 пайыз талшықты мақта өндіреді. Бұл технология су шығынын 5 есеге дейін төмендетеді. Кооператив толық іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Соңғы жаңалықтар