Арыс қаласына Қостанай облысынан 30 тонна әлеуметтік көмек жөнелтілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арыс қаласындағы азаматтарға көмек көрсету мақсатында Қостанай облысының кәсіпкерлері бастаған жүк көліктері жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арыс қаласындағы жағдайға байланысты, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың басшылық етуімен арнайы жедел штаб құрылды. Ал бүгін Арыс қаласындағы азаматтарға көмек көрсету мақсатында 20 тонна ұн, 7 тонна макарон мен 3 тонна кондитерлік өнімдер тиелген жүк көліктері жолға шықты.

«Жайсыз хабар жеткеннен-ақ Тобыл өңірінің жұртшылығы қиналған ағайынға қолдау білдіріп, қол ұшын беруге асықты. Мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетін жекелеген адамдар «Nur Otan» партиясының филиалы жанынан құрылған арнайы бекетке бара алады. Осындай сәтте ынтымақ танытуымыз қажет», - дейді «Nur Otan» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисімбаев.

Сондай-ақ, партия қызметкерлері бір күндік еңбек жалақысын Арыс тұрғындарына көмектесу үшін арнайы шотқа аударды. Қаржылай көмек көрсеткендердің арасында қостанайлық бизнес өкілдері де бар. Мәселен, жергілікті кәсіпкер, «Nur Otan» партиясының мүшесі Сергей Блок жағдайды естіген бойда бір миллион теңге, ҚР Еңбек ері Алмат Тұрсынов басшылық ететін «Қарасу» серіктестігі 3,5 миллион теңге аударды.

Бұдан бөлек, Арыс қаласының тұрғындарына көмек беремін деген жандар «Nur Otan» партиясы облыстық филиалына жүгіне алады. Қазірдің өзінде қала-аудандардан, кәсіпкерлердің атынан жеткен жүктер бекет басына жинақталып жатыр.

«Бұл жұмыстар Арыстағы жағдай тұрақталғанша жалғаса береді», дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар