Арыс арқылы жүретін жолаушылар пойыздарының жүру кестесі қалпына келтірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыс арқылы жүретін жолаушылар пойыздарының жүру кестесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасап.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Арыс оқиғасына байланысты жолда қалған жолаушыларды жақын маңда орналасқан стансалар мен қалаларға тасымалдауға қол ұшын созған Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент пен Алматы қалаларының әкімшіліктеріне, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне және де еріктілер мен меценаттарға өз алғысын білдіреді.

Төтенше жағдай кезінде 24 мен 27 маусым аралығында Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларына пойыз және автокөлік арқылы 15 мыңнан астам жолаушы тасымалданды. Жолдан бөгелген пойыздарда қалған жолаушыларға тегін ауыз су мен тамақ берілді.

Осы аралықта билет кассаларына жүгінген жолаушыларға 50 млн теңгені құраған билет құны қайтарылды. Сондай-ақ Компания Арыс қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына дейін 200 баланы жеткізуге атсалысты.

Қазіргі таңда Арыс арқылы жол жүру толықтай қалпына келтірілді.

Соңғы жаңалықтар