Аружан Саин төтенше жағдай кезіндегі қайырымдылық қорының жұмысы туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин төтенше жағдай режимінде «Мейірім» ерікті қоғамы» қорынының жұмысы мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қалай көмек көрсетілетіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазір төтенше жағдай кезінде қордың атқарылатын жұмыс ауқымды.

«Қазіргі уақытта қор Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің жұмысын жүзеге асыруда. Қор әдетте айналысатын бағытымен ғана шектеліп қалмайды. Алайда бізде проблема бар. Төтенше жағдайға байланысты «Балаларға өмір сыйла» жобасының балалары емделуге шетелге шыға алмайды, өйткені барлық елдер жабық. Құдайға шүкір, жоспарлы және жағдайы ауыр балалар жоқ. Емдеу сапарлары кейінге шегерілді», - дейді Аружан Саин.

Сонымен қатар, ол қорға қайырымдылық көрсететін азаматтардың азайғанын атап өтті.

«Пандемия салдарынан адамдардың қаржылық жағдайы қиындап барады. Көптеген кәсіпкерлердің бизнесі тоқтап қалды. Біз қоғамдық ұйымбыз және азаматтардан қайырымдылық жинаймыз, сондықтан кез келген дағдарысты біз бірінші болып сезінеміз», - деді А.Саин.

Оның айтуынша, көмек сұрайтындар өте көп. Балалардың да саны артып келеді.

«Карантин аяқталғаннан кейін біз балаларды емделуге жібереміз. Әрине, жасалатын операцияларға ақша керек. Бұл үлкен мәселе. Оны қалай шешеміз әзірге белгісіз. Бүгінгі таңда «Балаларға өмір сыйла» жобасында 60-қа жуық бала көмекке зәру. Олардың арасында арқа-бифида, эпилепсия, сирек кездесетін генетикалық тері аурулары, эпидермолиз, муковисцидоз ауруымен ауратын балалар бар»,- деді ол.

Аружан Саинның айтуынша, карантинге байланысты әлемдегі көптеген кәсіпорындардың жабылуы мен логистика мәселесі дәрі-дәрмекті жеткізуде айтарлықтай қиындықтар туындатып отыр.

«Біз қазір демеушілер есебінен эпилепсиямен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмекті сатып алу үшін іздестіріп жатырмыз. Бірқатар балалар Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмекті қабылдайды және олар өте қымбат. Бұрын ата-аналар дәріні өздері Түркиядан және басқа елдерден алдыратын. Өкінішке орай қазір ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені карантинге байланысты халықаралық рейстер тоқтады. Қазір «СҚ-Фармацияның» көмегімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ақшасын төлейтін демеушілер табылды, енді жеткізу мәселесі тез шешіледі деп үміттенеміз. Көптеген балалардың дәрісі таусылуға жақын қалды», - деп түсіндірді Аружан Саин.

Сонымен қатар, ол карантин кезеңінде дәрігерлер мен клиникаларға көрсетілетін көмек туралы айтты.

«Біз қор демеушілерінің есебінен жеке қорғаныс құралдарын, бір рет қолданылатын және қайта пайдалануға болатын киімдерді, дәрігерлерге арналған қорғаныс экрандарын, дезинфекция сұйығын, медициналық жабдықтар сатып алдық. Алғашқы 10 мың дана партияны Алматы емханалары мен бірқатар облыстарға жібердік. Бұл өте қажет еді. Серіктестеріміздің арқасында тағы 60 мың қорғаныс экраны сатып алынды. Қызылорда, Жамбыл облыстарына қорғаныс киімдері мен басқа да көмек жіберілді. Бұл екі аймақ Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейін індет жұқтырғандар бойынша көш бастап тұр. Қарағанды облысы да назардан тыс қалмады. Шымкент қаласымен де жұмыс істеп жатырмыз. Дезинфекциялық құрал мен медициналық масканы емханаларға, балалар және қарттар үйлеріне жібердік. Сонымен қатар, ауруханалардан шықпай жұмыс істеп жатқан алматылық дәрігерлерге тамақ жібереміз», - деді ол.

Бүгінгі күні қор «Балаларға өмір сыйла» жобасының аясында 1 855 балаға көмек көрсетті, көптеген балаларды емдеу бірнеше кезеңнен тұрады, сәйкесінше 2 791 операция/емдеу курсы төленді.

Аружан Саин атап өткендей, қор әлемнің 70-тен астам еліндегі клиникалармен жұмыс істейді. Негізгі принцип - емдеу сапасы мен құны. Қор мүмкіндігінше көп балаларға көмектесу үшін қазақстандық кәсіпкерлер көрсеткен көмекті тиімді жұмсауға тырысады.

Сөз соңында ол барлығын карантин режимін сақтауға, үйде болуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар