Аружан Саин: Мүгедек балалардың өмірін жақсарту жол картасы жай сөз болып қалмауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мүгедек балалардың өмірін жақсартуға бағытталған жол картасы сөз жүзінде қалмауы керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл ешкімге оңай болған жоқ. Пандемияның бүкіл елді әбігерге салғаны белгілі. Әйтсе де бұл балалардың денсаулығы мен құқығын қорғау мәселесіне көлеңкесін түсірмеуі керек. Бүгінгі жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының қатысып отырғанын пайдаланып, мына мәселеге баса назар аудару керектігін айтқым келеді. Өңірлердегі комиссиялар назардан тыс қалдырып жатқан істер бар», - деді Аружан Саин ҚР Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында.

Оның айтуынша басты міндет – балалардың мүгедектігін төмендету. Аружан Саин бұл жайлы әртүрлі отырыста айтып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Өңірлерде тамызда қол қойылған жол картасына көп көңіл бөлінді. Ол 2021 жылы іске асырылады. Біз, балалардың ата-аналары, үкіметтік емес ұйымдар аталмыш жол картасының сөз жүзінде қалу қаупіне алаңдаушылық білдіреміз. Мүгедек балалардың өмірін жақсартуға бағытталған жол картасы көбінесе балалардың мүгедектігінің алдын алуға, денсаулығының мығымдығын сақтап қалуға бағытталған. Сол себепті жергілікті жерлерде өте ауқымды жұмыстар атқарылуы керек», - деді ол.

Аружан Саин өз сөзінде бала құрсақта жатқаннан бастап дүниеге келгеннен кейін нәрестеде болуы мүмкін функционалдық шектеулер анықталуы керектігін жеткізді.

«Соқырлық бойынша мүгедектікті азайту үшін сіздер (облыс әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына) офтальмологтарды оқытып, периниталды орталықтардың бәрі тиісті құрылғылармен сатып алуларыңыз керек болатын. Қазіргі уақытта менің қолымда осы тапсырманы орындағаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сол себепті ВАК-тардың бәрі осы мәселені баса назарға алуды сұраймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар