+7 (701) 759 90 19
USD 423.87 EUR 505.25
RUB 5.59 CNY 64.43
Jańalyqtar

Аружан Саин балалар үйірмелерінің тегін болуын шектейтін кедергілерді атады

2020 жылғы 20 қараша 11:20
Бөлісіңіз:
Аружан Саин балалар үйірмелерінің тегін болуын шектейтін кедергілерді атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім және ғылым министрлігінің Facebook парақшасында Дүниежүзілік балалар күніне орай «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтіп жатыр. Шарада сөз бастаған Аружан Саин балаларды жарқын болашаққа жетелеу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қандай тапсырма бергенін қатысушылардың есіне салды.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында балаларға білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Ол әрбір бала спорттық, шығармашылық және өнер үйірмелерімен қамтылуы керектігін ескерткен. Себебі бұл – біздің балаларға білім мен тәрбие берудің, мемлекет үшін адам капиталын дамытудың маңызды элементі. Біз бұл мәселені шешуге тырысқанымызбен, өкінішке қарай, прогресс әлі жоқ. Мен әкімдіктерге нақты талаппен шықтым, яғни оларға білім саласына бөлінетін қаражаттың біраз бөлігін балалар үшін тегін үйірмеге жұмсау керектігін хабарладым. Бұл хатты жан-жаққа жолдасам да, әзірге нәтиже жоқ. 2020 жылы нақтыланған бюджетке бұл мәселелер есепке алынбады», - дейді Аружан Саин.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл нақты қажеттілікке жұмсалуға тиіс қаражаттың болмашы шараларға бағытталып жатқанын айтады.

«Біздің әрбір тиын халықтың қажетіне жұмсалуы тиіс. 6 миллион баламызға мемлекеттік тұрғыда жүйелі көмек көрсетілуі керек. Қысқасы, жергілікті атқарушы органдардың зердесі бар-ау деген үмітіміз желге ұшты. Біз Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерімен нақты механизмдер жолға қойылуы керектігі жөнінде ұзақ әңгімелестік. Өйткені ақша үйірме түрінде әр балаға жетуі керек. Өкініштісі, бұл механизм әлі құрылған да жоқ. Сондықтан сарапшыларға жүгіндік. Оларға алғысым шексіз. Сарапшылардың көмегімен мемлекеттік сатып алулар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленіп, ол құжатқа «шығармашылық сатып алу», «спорттық сатып алу» ұғымдары енгізілді. Сондай-ақ мәдениет туралы заңға және спорт туралы заңға балалар спорты мен шығармашылығы бойынша сатып алу жүйелері қалай нақты жұмыс істейтінін реттейтін түзетулер әзірленді», - деді ол.

Аружан Саин бұл мақсаттағы жұмыс республикалық бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейтінін жеткізді. Бұл мәселе әкімдіктерден, мәдениет және спорт басқармаларынан бөлінетін қаражаттың есебінен шешіледі. Яғни бұл қомақты қаржы балалардың мүддесі мен үйірмелермен қамтамасыз етуге жұмсалады.

«Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Мәжілістің қарауында. Үкіметтің қорытындысын күтіп отырмыз. Құжаттың тезірек қабылдануынан үмітіміз зор. Бұл заң осы жылдың соңына дейін қабылданбаса, біздің әкімдіктер тағы да балалардың мүддесі ескерілмеген бюджетті қабылдап жібереді», - деді ол.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT