Аружан Саин: «Аутизмді жеңеміз» жобасына жүгінетіндер саны 3 есе өсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде әлемде әрбір 45-ші бала аутизммен ауырады. «Аутизмді жеңеміз» жобасына жүгінушілер 5 жыл ішінде 3 есеге өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Сарапшылардың айтуынша,  әлемде аутизм диагнозымен дүниеге келетін балалардың саны көбейген. Қазақстандықтарды да бұл дерт айналып өтпеді. Мәселен, 2009 жылы 110 баланың біреуі ғана аутизммен ауыратын. "Мейірім Еріктілер қоғамы" қорының мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 60 мыңнан астам адам аутизм диагнозымен өмір сүріп жатыр.

«Аутизмді жеңеміз» жобасын бастағанда ғимаратты жалға алуға тура келді. Кейіннен жомарт жандар осы үйді сыйлады. Бір жылдың ішінде ата-аналар мен балаларды аутизммен күресуге үйрететін арнайы орталыққа айналдық. Аутизм бұл - үкім емес, бұл диагнозбен өмір сүруді үйренеміз әрі өзгелерге үйретеміз. Балаларын біздің орталыққа тапсырғысы келмейтін ата-аналар бар. Алайда біздің қоғамда аутист балалалар өздігімен дами алмайды», - дейді "Мейірім Еріктілер қоғамы" қорының директоры Аружан Саин.

Қоғам белсендісінің айтуынша, Қазақстанда аутизммен ауыратындардың нақты есебі жоқ. Кейбір ата-аналар тіпті мемлекеттік орындарға тиісті құжаттарды тапсырмай, көмекке жүгінбейтін көрінеді.

«Бұған дейін аутизммен ауыратындарға дұрыс диагноз қойылмай келген жағдайлар болды. Оны дәрігерлер психикалық ауытқу деп шатастырып жүрді. Бірақ аутизммен ауыратын адамдар психологиялық көмекке мұқтаж және оны бірінші кезекте жақындарынан күтеді. Біздің орталықта балалармен тікелей ата-анасы айналысады. Бастысы - бәрі тегін. Бізге Ресейден, Беларусьтен және Қазақстанның түрлі аймақтарынан келетіндер бар. Кейбір балалардан аутизмнің күрделі түрі табылып жатады. Сондықтан ата-аналарды балаларының дамуына, мінез-құлқына мұқият болуға шақырамыз. Диагнозды барынша ерте анықтасақ, баланы емдеп, үйретуге мүмкіндік болады», - деді Аружан Саин.

Сондай-ақ қор мүшелері атап өткендей, бұл ауруды емдеудегі ең басты кедергі - мамандардың жетіспеуі, оңалту орталықтарының болмауы және дәрі-дәрмектің қымбатшылығы.

«Аталған мәселелерді шешу үшін қор жанынан «Ашық жүрек» қайырымдылық бастамасын қолға алдық. Жомарт жандардың жәрдемінің арқасында өткен жылы аутист балаларға 700 млн доллар қаражат жиналды» дейді қор өкілдері.

Еске сала кетсек, "Мейірім Еріктілер қоғамы" қоры «Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында еліміздегі емделмейтін дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар