Артыңда қалсын жақсы ісің – ақын Ақылбек Шаяхметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жыл жеміссіз болған жоқ. Атқарылған іргелі істер де жеткілікті. Осыған орай белгілі ақын, драматург, көсемсөзші-журналист, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, республикалық мүшайралардың жеңімпазы Ақылбек Шаяхмет Қазақпарат тілшісіне сұхбат беріп, қоғамның басты мәселелерін атап өтті.

– Ақылбек Қожаұлы, 2021 жылы Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтті. Өткен кезең ішінде мемлекетіміздің ауқымды табыстары осы деп қандай жетістіктерді айтар едіңіз?

– Орда бұзар отыз дейді атамыз қазақ. Игілікті істер де бар. Жаңа жолдар мен көпірлер, мәдениет ошақтары, спорт ғимараттары, мешіттер салынды. Көрші және алыс мемлекеттермен араласымыз ұлғайды.

Қазақтың көзі тірі классигі Мұхтар Мағауин Шыңғыс хан бабамыздың айбынын асырды. Димаш Құдайберген сынды мақтанышымыз қазақ елінің атағын әлемге жайды. Қысқаша айтарым – осы.

– Енді бір он, жиырма жылда еліміз қандай деңгейге жетеді? Келешектен қандай жақсылықтар күтесіз?

– Әрине, еліміздің барлық өңірі жайнап кетті деп айта алмаймыз. Халықтың сөзіне құлақ асу, кемшіліктерді түзету – өсер елдің ісі. Күрделі мәселелерді шеше білсек, келешегіміз кемел болмақ. Сондықтан болашаққа үміт артамын. Ыбырай атамыз: «Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен достарым, сіздерге бердім батамды!» демей ме? Қазақ елі жердің астындағы және үстіндегі байлығын алып, көсегесі көгерсе екен. Шетелдік алпауыттардың ықпалынан тезірек құтылып, өз байлығымызға өзіміз иелік ететін күн туса деймін.

– Қоғамның дамуында оң өзгерістер болады. Сонымен қатар қордаланып қалған мәселелер де бар. Өркениетті елдер қатарында болу үшін Қазақ елі қандай бағыттар бойынша түйткілді проблемаларды шешуі керек деп ойлайсыз?

– Біріншіден, тіліміздің тұғырға қонуы ауадай қажет. «Тіл туралы» Заңдағы орыс тілі ресми тіл деген тармақты алып тастау керек. Мемлекетті алтын отау деп бейнелі түрде айтатын болсақ, әкесі мен шешесі қазақ тілінде сөйлемейтін отбасында баланы қазақша сөйлетемін деу бекершілік! Ана тілінде ең алдымен Президент аппараты, Парламент, әкімдер сөйлеуі керек. Сөйлей алмаса, әкім не басшы болмай-ақ, орынбасар не қосшы болса да, жетіп жатыр. Ал ұлттық идеологияға жауапты орынбасарлар екі тілді толық меңгермесе, білгісі де келмесе, олардан не қайыр?!

Мемлекеттік тілдің іргетасы – балабақша мен мектеп. Сол білім мекемелерін тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордалары қылып қайта құруға не кедергі?! Баяғы жалпақшешейлік. Қазақ мектебінде мемлекеттік тілде білім беріп, орыс тілін тереңдетіп оқытса, өзге ұлт алғыс айтпаса, қарғыс айтпайтыны анық. Ал жетімханалардағы тәлім-тәрбие солтүстік өңірде тек қана орыс тілінде екені белгілі. Олар ер жеткен соң, өз елін өгей санайтын ұрпақ болмасына кім кепіл?! Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мектептегі білім алғашқы жылдары тек қана ана тілінде берілуі керек деген «Бастауыш мектеп» туралы («Қазақ» газеті, 1914 жыл) дәйекті тұжырымының шенеуніктердің ойына да кіріп-шықпайтыны түсініксіз? Қостанай облысындағы 600-ге жуық мектептің қазақ тіліндегісі 150-ден аспайды, аралас мектеп саны (136) осы шамалас. Ең сорақысы, кейінгі уақытта қазақ мектебінен көрі орыс мектебіне баратын оқушылар саны көбейіп барады.

Қазақстанның ақпараттық кеңістігі ресейлік БАҚ-тың ықпалынан арыла алмай отыр. Қостанай облысындағы жүзден астам газет пен журналдың таза қазақ тілінде шығатыны бірен-саран. Аудандық және қалалық газеттердің аты қазақша да, заты басқа. Мәселен, Қарабалықта «Айна», Қостанай ауданында «Көзқарас», облыс орталығында «Қостанай» газеттері жарық көреді. Материалдардың басым бөлігі орыс тілінде, қазақ тілінде ара-тұра не жалғыз бет, не айқарма беттер беріледі. Біздің қазақ соған да мәз.

«Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып сөйле» деген мәтел қазіргі уақытта бізге арнап айтылған тәрізді. Ал көрші мемлекеттегі қазақтардың не мектебі, не театры, не ана тілінде шығатын басылымы жоқ. Оған сұрау салып жатқан Қазақ үкіметі де жоқ. Алдағы істі Алла біледі.

Меніңше, Қазақстан Тұран Одағына қосылуы керек. Тілі мен діні бірдей халықтармен біріксек қана аю мен аждаһаның тегеурініне тойтарыс бере алатын сияқтымыз.

Екіншіден, ауылды өркендету керек. Төрт түліктің барлық өнімін ел игілігіне жаратуға тер төккен жөн. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар дамыған шаруашылықтарда дайын өнімдер шығаратын фабрикалар мен цехтар ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Үшіншіден, қарттар үйі мен жетім балалар үйін түгел жауып, олар отбасында болуы үшін жағдай туғызу керек. Яғни, тәлім-тәрбие мәселесі басты назарда болса деймін.

Бір ғана мысал. Жақында астанада болдым, бірінші сыныпта оқитын немереме мұғалімі жаңа жылдық іс-шараға жаттап келіңдер деп бір шумақ тақпақ беріпті. Тақпағы не дейді? «Аяз ата келіп тұр, иіліп сәлем беріп түр. Сақалының ұзыны-ай, Кесіп алсам, шіркін-ай» дейді. Бұл не? Аяз ата сәлем беретін келін бе екен? Атасының сақалымен ойнаған баладан не күтеміз? Осындай мағынасыз тақпақпен баланың басын қатыратын мұғалімнің өзі қайта даярлаудан өтуі керек-ау. Қазақ баласына қайдағы бір ойдан шығарған, мұрны қызарып, сөзі ұзарып жүретін Аяз шалдың емес, Наурыз тойының, Қыдыр бабаның қасиетін ұғындыру керек емес пе?

Қазақ елінің көрікті өңірлері көп болса да, туризмді дамыта алмай отырғанын мойындауымыз керек.

– Ел-жұртпен жиі кездесіп жүрсіз. Халықты қандай жағдай мазалайды? Кемшіліктерді түзетудің жолдары қайсы?

– Мазалайтын мәселе көп. Қайсыбірін айтайын. Баспана мәселесі шешімін таппай тұр, жастар несиеге белшеден батты. Бір өлеңімде «Кредит деген кіреді ит» дегенім бар еді. Ол итің абалап қана қоймайды, қаныңды теспей сорады. Содан құтылудың амалын үкімет ойлластыруы қажет. Дипломы болса да жұмыссыз жүргендер аз емес. Соларға жұмыс тауып беру қажет. Жемқорлардың сазайын тартқызып, ішкен-жегенін құстыру керек. Тіпті сотталмаса да, шетелдерге офшорға тыққан қаржысын еліне қайтарсын. Қолдары ұзын сумақайлардың үлкен шаһарлардан алып алған, жалға беріп, пайда тауып отырған пәтерлерін түгел тәркілеп, баспанасыз жүрген жастарға беруге болады. Ол да әділдік.

Біраз атқамінерлер үшін пайдасыз ақша шашуды доғару қиын болып тұр. Әлдебір арзан шоулар мен әншілер байқауына төрелік ететіндерге миллиондап қаламақы төленеді деген ақпаратты жақында ғаламтордан оқыдым. Бұл не сұмдық?! Сол миллиондарды жұмсайтын сала толып жатыр ғой. Онсыз да ақшаға мұқтаж емес адамдарға ақша тарату дарақылық емес пе?

Көк жәшік те қазақтың тілін бұзып болды. Әншілеріміз кездейсоқ естіген «әләуләйім» мен «халауләйімге» ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек. Әннің сөзін бұрмалаушылар ғана емес, ән сөзі деп айтуға ауыз бармайтын жолдарды әуенге салып айтушылар пайда болды. Олардың біразы өздерін жұлдызбыз деп есептейді, теледидар жүргізушілері оларды жұлдыз деп таныстырады. Ал сол «жұлдыздар» қалай сайрайды? «Сенсем бе екен-ай, көнсем бе екен-ай, құшағыңа енсем бе екен-ай!» деген сөздердің өзі жиіркенішті емес пе? «Жоқ, сені, жаным, ұмытқаным жоқ, жоқ, қадамашы жүрегіме оқ» немесе «Айналайын, сен маған ұнап қалдың, сені көріп орнымнан құлап қалдым» деген сөздерде поэзияның ұшқыны да жоқ қой. Тағы бір ән мәтініндегі:

«Қош бол енді, менің сүйген арманым,

Қайда жүрсең орындалсын арманың,

Бірақ-бірақ сүйіп өтем мәңгілік,

Жаным менің, жаным менің, арманым!» деген бір ғана шумақтағы қайта-қайта қайталанған сөздер «арман, жаным» секілді әдемі сөздерді жауыр қылғандай.

«Шөп те өлең, шөңге де өлең» болған заманда құр айқай, бақырған ән болған соң, осы бір жаман дағды етек жайып кеткелі, сүйкімі жоқ әндер сөз қадірін қашырып барады.

Кез келген ән бейнебаян түсірілмей тұрып, телеэкранға шығарылмас бұрын тексеруден өтсе, құрамында белгілі ақындар бар, комиссия дейміз бе, редакциялық кеңес дейміз бе, әйтеуір, білімір кісілерден құралған алқа әншілердің репертуарын ғана емес, ән мәтіндерінің мазмұны мен үйлесімін елеп-екшеп, сұрыптап отырса, бұл олқылық та жөнделер еді.

– Тарих қойнауына еніп жатқан 2021 жыл өзіңіз үшін де табысты, мерейлі болды. Жеті белестің биігіне көтерілдіңіз. Оң мен солыңызға қарағанда, қандай ой түйдіңіз?

– Оңға қарасам – шүкір! Көптің қалауымен қазақтарға жендет болған Лаврентий Таран атындағы ауданға Би-ағаның –Бейімбет Майлиннің есімі берілді. Жетпіс жылдық мерейтойымды Жастар сарайында атап өттім. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан, Сенат төрағасы М.Әшімбаевтан құттықтау алдым. Алыста жатсам да, еңбегімді бағалағанына ырза болдым.

Жаңа кітаптарым шықты. Бірнеше драмалық және поэзиялық туындыларым республикалық байқауларда жүлдеге ие болды. Бикен Римова атындағы Талдықорған театры «Шоқанның шері» драмамды сахнаға шығарды. Түркияда өткен халықаралық поэзия фестиваліне қатысып, «Тұран бірлігі» медалін кеудеме тақтым. Қостанайда, Өскеменде және елордада өткен Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына арналған ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасадым. Телеарналарға сұхбат беріп, Ұлттық академиялық кітапхана өткізген пікірсайысқа қатыстым.

Ал солға қарасам, көңілге кірбің ұялайды. 2022 жылы Алаш ардақтысы, көрнекті лингвист Елдес Омарұлының туғанына 130 жыл толады. Елеусіз қалған қайраткер жалғыз ол емес. Алаш бағдарламасын жасауға қатысқан Әлжан Байгурин, Алаш маршын шырқаған Ғаббас Нұрымов, көрнекті қайраткерлер Мұхтар Мурзин, Біләл Асфандияров, сахна саңлақтары Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, айтыскер ақын Ақсұлу Орысбайқызы неге ұмыт қалады? Көрнекті композитор Әблахат Еспаев, қазақтың қабырғалы билері Наурызбай Қазбайұлы, Шеген Мұсаұлы, Тоқсан Жабайұлына көше атын беру, есімдерін ел есінде қалдыру туралы ұсыныстар аяқсыз қалды.

– Өзіңіз тұратын Қостанай өңірінде мәдени-рухани саланың өркен жайып келе жатқаны байқала ма?

– Иә, індетке қарамай, мәдени-бұқаралық шаралар өтуде. Республикалық ақындар айтысы, түрік тілдес елдердің музыкалық фестивалі болды. Ы.Алтынсариннің құрметіне халықаралық конференция өткізілді, Қостанай қаласында ұлт ұстазының еңселі ескерткіші орнатылды. Қарабалық ауданындағы Мұхамбетжан Сералиннің бейіті жөндеуден өтті. Осы ауданда Құдайсүгір би Қосетұлының бейітіне құлпытас қойылып, бидің құрметіне ас берілді.

– Шығармашылық қызметіңізде қандай жаңалықтар болуда?

– 2021 жылы «Тәуба», «Күзгі көңіл», «Жүрек сөзі» және «Оңашадағы оқшау ойлар» атты прозалық және поэзиялық жинақтарым жарық көрді, орыс тілінде «Сила слова» деп аталатын кітабым жарияланды. Бұл кітаптардың тұсаукесері облыстық кітапханада өтті. «Зейнолла ишан», «Жұмыртқа», «Көлеңке», «Қашқын» деп аталатын бірнеше пьеса жаздым. «Білім-Медиа» ЖШС «Бала шақтан – болашаққа» тізбекті басылымы топтамасында мектеп жасына дейінгі бөбектерге арналған жиырмаға жуық суретті кітапшаларды шығарды. «Драма-Роман» журналында «Ыбырайдың өсиеті» деп аталған пьесам жарық көрді. Бұл пьесаны Қостанайдағы орыс драма театры сахналады. «Ауыл» партиясы жариялаған «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсының ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» номинациясы бойынша «Ақсұлу» атты драмам үшінші дәрежелі дипломға ие болды.

«Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «Абай арманы – тәуелсіз қазақ елі» атты халықаралық мүшәйрада Әлімхан Ермеков атындағы жүлдеге ие болдым. Қазақ Республикасының 100 жылдығы құрметіне және «Алаш» ұстанымдары мен ұлттық құндылықтарды жүзеге асыруға атсалысқаным үшін «ҚР-100 жыл» медалін алдым. Білім және ғылым саласына қосқан үлесім үшін «Гуманитарлық ғылымдардың үздігі - 2021» байқауының жеңімпазы атанып, «ҚР тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталдым. «Ата» қоры тағайындаған мерейтойлық медаль және «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Өзім қызмет істейтін Қостанай университетінде жетпіс жылдығыма орай Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей ғалымдары мен қаламгерлері қатысқан халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырылды.

– Көкейіңізде жүрген ойларыңыз?

– Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Алғыс пен қарғыс немесе жарық пен көлеңке» деп аталған драмам сахнаға шықса екен деген ойым бар. Бірақ, қазіргі уақытта автордың ойынан көрі басшының бұйрығы немесе режиссердің шешімі алдыңғы кезекке шығып тұрған кезең ғой. Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең... Жыр тілімен айтсам:

Таттым

Жалғанның тұщы, ащысын.

Көрдім

Тағдырдың жұмсақ, қаттысын.

Білдім

Жау болып шыққанын дос кісім.

Үркітіп алмадым

Басыма қонған бақ құсын.

Фәниден Бақиға өтерде,

Өмірмен қоштасып кетерде

Артыңда қалсын тек жақсы ісің!

– Жаңа жылға орай ел-жұртқа айтар тілегіңіз?

– Барыс жылы табыс жылы болсын! Қазақ елінің көсегесі көгерсін! Шаңырағы аталы, дастарханы баталы, жеті атасы жетелі, негізді де некелі отаулар көп болғай! Ел-жұртымыз ауыр дерттен тезірек айығып, басшыларымыз қанағатшыл, жастарымыз жаңашыл болсын! Балаларымыз білімір болсын!

– Әмин. Ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.



Соңғы жаңалықтар