Артспортқа бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылайтын жұмыс тобы құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 560 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді «Артспорт» бағдарламасымен қамту үшін 86,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл жайында Сенат депутаттарының артспортқа қатысты сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет және спорт министірінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №265 бұйрығымен мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру тетігіне түзетулер енгізілді. Аталған түзетулермен «өлі жандарды» жою тетігі реттелгенін, балалар үшін қауіпсіздік іс-шаралары (бейнебақылау, санитарлық нормаларды сақтау және т.б.) қамтамасыз етілді. Бөлінген бюджетті қатысушы жандардың санына бөлу арқылы балалар көлемін арттыру мақсатында бір балаға 2 ден 1-ге дейінгі ваучерлер саны оңтайландырылды. Жергілікті атқарушы органдар есебінен 2023 жылы мемлекеттік тапсырысты жалғастыру мақсатында 560 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамту үшін 86,7 млрд теңге қарастырылған», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, ақпараттық жүйені анықтау және мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру мәселесін жүйелі түрде екі кезең арқылы іске асыру көзделген. Бірінші, өңірлерді өзін-өзі қаржылық басқару мүмкіндігімен қамтамасыз ету және орталықсыздандыру мақсатында осы жылы ақпараттық жүйелерді әзірлеу мәселесі өңірлермен дербес және конкурс аясында өткізілуде. Қазіргі күні конкурстар бойынша 15 өңірде қызмет көрсетуші анықталды. Екінші, барлық өңірлерде конкурстық рәсімдер аяқталып, қызмет көрсетушілер анықталғаннан кейін ақпараттық жүйелерді интеграциялау және олардың қызмет көрсетуі арқылы бірыңғай ақпараттық жүйе негізінде мемлекеттік тапсырысты одан әрі іске асыру мәселесі пысықталады.

«Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты іске асыру тетіктерін, қолданыстағы қағидаларды жетілдіру, оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері тұрақты түрде жүргізілетін болады. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігі жанынан мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылуда. Жұмыс тобы бюджет қаражатының сапасы мен нысаналы игерілуін бақылауды қатаңдату, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және үйірмелерге қатысатын балалардың құқықтарын бұзу бөлігінде мемлекеттік жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер әзірлеуді жоспарлауда», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар