Artsport жобасындағы бірнеше спорт түрі қысқартылды – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Artsport жобасы аясында балалар мен жасөспірімдер айналысатын спорт түрлері 71-ден 64-ке азайтылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Спорт саласы бойынша жан басына шаққандағы тапсырыстарға өзгерістер енгізілді. Artsport жобасы бойынша спорт түрлері 71-ден 64-ке дейін қысқартылды. Ақылдаса, зерделей келе қолданбалы күш спорты түрлерін азайту туралы шешім қабылдадық. Олардың қатарында пауэрлифтинг, армлифтинг және ауыр атлетика спорт түрлері бар. Аталған спорт түрлерін қысқарту пысықталып, талқыланды. Қолданбалы күш спорт түрлері болғандықтан білікті жаттықтырушы, нақты жоспары мен оқу-үйрету методикасы қажет. Осы жайттарды ескере келе спорт түрлері азайтылды», - деді Бекболат Байжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министрлік өкілінің айтуынша, ендігі уақытта қабылданатын баланың жасына да мән беріледі.

«Қолданыстағы №42 бұйрық қайта сәйкестендірілді. Онда спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшелігі туралы айтылған. Бұрын 5 жастан болса, енді бала әр спорттың өз талабы мен ережесіне қарай қабылданады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар