Аршалыда жол жөндеуге 1 млрд теңгені бір көзден бермек болған шенеунік жұмыстан қуылды

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы ауданы прокуратурасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің конкурстық рәсім талаптарын бұзғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 13-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады.

«2022 жылдың 29 сәуірінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 15 шақырымды құрайтын «Екатеринбург-Алматы» автобанынан Берсуат ауылына дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізуге мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс жариялады. Алайда, сол жылдың 18 мамырында аталмыш бөлім басшысы заңды негізсіз аталған конкурсты өткізуден өз бетінше бас тартты. Бұл ретте тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен 1 млрд теңгеден астам сомаға «Еңбек» ШЖҚ РМК-мен жолды күрделі жөндеуге шарт жасасу туралы заңсыз шешім қабылдады», - деді ведомстводан.

Осы ретте аудан прокуратурасы қабылдаған шаралардың нәтижесінде заңсыз конкурстың күші жойылды, шарт бұзылды, сондай-ақ Аршалы ауданы ТКШ бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылды.

Айта кетсек, Көкшетауда заңсыз берілген жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар