Аршалыда 14 гектардан астам аумақты шарпыған өрт сөндірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданында 14,5 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, 11 тамызда сағат 12:55-тер шамасында Қостомар ауылынан 3 шақырым орналасқан Қызылжар шаруашылығы «Жасыл аймақ» РКК аумағында өрт шыққан. Жалын дала және орманды алқаптағы 14,5 гектар аумақты шарпыды.

«Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-171 тікұшағы, Ақмола облыстық ТЖД жеке құрамынан 17 адам және 4 арнайы техника, Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД 19 адам және 4 арнайы техника, «Жасыл Аймақ» РКК 40 жұмысшы және 10 техникасы жұмылдырылды. Нәтижесінде сол күні кешкі сағат 19:20 өрт ауыздықталып, келесі күні кешкі уақыт 17:00 толық сөндірілді», дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай 8 тамызда Ерейментау ауданындағы Қойтас ауылында 800 гектардан астам жер өртке оранған еді. Оның 200 гектары Қаратал және Масақпай жайлауында болды. Осы дала өртін сөндіру бойынша байланысты Ақмола облыстық ТЖД-да жедел штаб құрылып, оны өңірлік департамент басшысы өз бақылауына алған болатын.


Соңғы жаңалықтар