Аршалы ауданында 6 895 үйге газ тартылады - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы үшін ағымдағы жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік маңызды жоба - ауданның елді мекендерін газдандыру. Осы ретте, аудан «Сарыарқа» газ құбырына алғашқылардың бірі болып қосылады. Ауданда барлығы 17 елді мекен газдандыруға жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық 17 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы Аршалы ауданы бойынша газдандыру 6 895 үйді, 24,5 мың адамды қамтиды», - деді аудан әкімі Айдар Байманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Әкімнің айтуынша, 2020 жылы өтпелі 4 жоба бойынша Аршалы кентіндегі автоматты газ тарату станциясының құрылысы басталды. Жабдықтарды жеткізу және монтаждау бойынша, электрмен жабдықтау және технологиялық жабдықты байланыстыру бойынша жұмыстар аяқталды. Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарына газ жеткізетін құбыр құрылысы бойынша 15 шақырым газ құбыры салынды. Аяқталу мерзімі - қаржының бөлінуіне байланысты 2023 жылға жоспарланған.

«Сонымен бірге, Анар және Донецкое ауылдарына газ құбырын және құбыр тармақтарын салу жұмыстары қолға алынды. Осы жоба бойынша 20 шақырым газ құбыры тартылды. Ендігі арада газ құбырының ауыл ішіндегі 29 шақырымын салу қажет. Бұл жұмыстарды аяқтау мерзімі 2021 жылға жоспарланып отыр. Ал Аршалы кентінде газ құбырының құрылысы аясында 1700 мполиэтилен құбыры төселді, 750 тіреу орнатылды. Ағымдағы жылы 6 жаңа жоба бойынша жұмыстарды бастау жоспарда бар. Жалпы 2021 жылы ауданды газдандыру бойынша жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізу жоспарлануда», - деп қосты аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар