«АрселорМиттал Теміртауға» жоспардан тыс тексерістен кейін 1,2 млрд теңге айыппұл салынды

None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Экологтардың тексерісінен кейін «АрселорМиттал Теміртау» ауаны ластағаны үшін 1 млрд теңгеден астам сомада айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Қарағанды облысының Экология департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті 2022 жылдың 5 қыркүйегі – 3 қазаны аралығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның барысында кәсіпорынның барлық жұмыс істеп тұрған цехтары бойынша «Жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы сарапталды. Нәтижесінде өнеркәсіп алыбында Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы өрескел бұзылғаны анықталды.

Негізгі бұзушылықтар бірқатар цехта (кокс, ЖЭО-2, агломерациялық, домна, №2, №3 металл илеу және әк күйдіру цехтары) шығарындылардың шекті рұқсат етілген нормадан асып кетуі болды.

«Департамент экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 1 207 287 661 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салды», - деп хабарлады Қарағанды облысының Экология департаментінен.

Бүгінгі таңда Теміртау қаласы әкімшілік сотының шешіміне сәйкес 2023 жылғы 15 тамызға дейінгі мерзімге»АрселорМиттал Теміртау«АҚ-ға айыппұлды үш кезеңмен бөліп төлеу тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар