«АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі жылу электр орталығы 77 пайыз тозған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Теміртаудағы жылыту нысандарының проблемасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының №2 жылу электр орталығы қазандықтарының нашар техникалық жағдайына байланысты жиі істен шығуы салдарынан Теміртау қаласының тұрғындарында жылу энергиясының тапшылығы орын алды. №2 жылу электр орталығы негізгі жабдықтарын жөндеуге бөлінетін қаражат физикалық тозу мен апаттылық деңгейін төмендетпеді. ЖЭО-ның негізгі жабдығының орташа тозу көрсеткіші 77%-ды құрайды. Жылыту маусымында 5 қазандық жұмыс істеп, 1 қазандық резервте болуы тиіс», - деген министр электр стансасындағы жылу қуатының төмендеуі салдарынан Теміртау қаласының тұтынушыларына 2 тәулік бойы жылу тапшылығы туындағанын еске салды.

«Осы факті бойынша Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті 10-25 наурыз аралығында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының №2 жылу электр орталығына қатысты электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша қазандықтар мен қазандық цехының ғимараттарын пайдалануға қойылатын талаптардың бұзылғаны анықталды. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына №2 жылу электр орталығындағы №7 қазан құрылысын жеделдету, сондай-ақ 2-ші жылу электр орталығын жаңғыртудың перспективалық жоспарын әзірлеу қажет деп санаймыз», - деді Энергетика министрі.


Соңғы жаңалықтар