«АрселорМиттал Теміртаудың» экс-директоры Қазақстаннан қуылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қалалық соты «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлер жөніндегі директоры Анна Адомды Қазақстан аумағынан шығарып жіберу туралы шешім шығарды, ол еңбек заңнамасын бұзғаны үшін айыпталған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Іс Қарағанды облыстық ІІД өтініші бойынша қаралды. ҚР Азаматтық процестік кодексінің 223, 226 және 385-баптарына сәйкес, сот Беларусь азаматы Анна Адомды Қазақстан аумағынан шығарып жіберу жөнінде шешім қабылдады. Сот шешімінің орындалу мерзімі - 10 күн», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жітікова.

42 жастағы Анна Адом 2016 жылы металлургия комбинатының қызметкерлер жөніндегі директоры болып тағайындалған.

Бұдан тыс, Теміртау қалалық сотының шешімімен депортациялауға кететін шығындардың барлығы Анна Адомның өзіне жүктелді. Одан 1203 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріледі.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсанда Теміртауда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлер жөніндегі директоры Анна Адомға қатысты сот процесі басталған болатын. Қалалық соттың шешімі бойынша ол еңбек заңнамасын бұзды деп танылып, 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа үкім етілді. Бұдан тыс, сот Адомның бір жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында басшылық лауазымды иеленуіне тыйым салды.  

Соңғы жаңалықтар