«АрселорМиттал Теміртаудағы» жағдайды тексеруге тәуелсіз сарапшылар тартылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатында зардап шеккен жұмыскердің жағдайы жақсарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шұғыл іс-шаралар нәтижесінде науқас шок күйден шығарылды. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда және оң динамика байқалады», - деді Теміртау қаласының орталық ауруханасы директорының м.а. Ульяна Базарова.

Сондай-ақ қаза тапқан 4 қызметкер жайлы мәліметтер белгілі болды. Көз жұмғандар 34-58 – жастағы ер адамдар.

Жәнібек Әбдірасылов отбасындағы жалғыз асыраушы болған. Туыстарының айтуынша, Жәнібек жазатайым оқиғаға дейін кәсіпорында бір ай ғана жұмыс істеген. Ол небәрі 40 жаста еді.

«Кішкентай балалар әкесіз қалды. Бізге компания мен әкімдік өкілдері келді, біз оларға өз талаптарымызды айттық. Жәнібектің ипотекасы бар. Сондай-ақ болашақта балаларға тұрғын үй беру туралы мәселе көтерілді», - дейді марқұмның туысы Бейсен Есболов.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетіледі деп уәде беруде.

Айта кету керек, бұл биылғы жылы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы алғашқы жазатайым оқиға емес.

Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, осы жылы 6 адам зардап шеккен, олардың екеуі қаза тапты. Өткен жылы өнеркәсіптік алыптың өндірістерінде 42 адам жарақат алып, 9 адам көз жұмған.

Осы уақытта арнайы комиссия мүшелері тиісті жұмыс жүргізуде. Комиссия құрамына еңбек инспекциясы және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының, Теміртау әкімдігінің, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің барлық уәкілетті ведомстволарының басшылары, сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы және «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы кірді.

«Бұл мәселе бойынша тәуелсіз сараптамалық комиссия тексеру жұмыстарына тартылды. Бүгін осы ғимаратты, пештің өзін тексеру бойынша жұмысқа кірісті. Тексеру нәтижелері бойынша 3 тәуелсіз ұйым өзінің сараптамалық қорытындысын береді», - деп түсіндірді Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Арнайы комиссия кәсіпорында 10 күн жұмыс істейді. Сонымен қатар «Екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Құрылысмет»« ЖШС аумағында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлері қайғылы жағдайға ұшыраған болатын. Отқа төзімді құрылысты бөлшектеу кезінде цехтың жұмыс істемейтін №9 термиялық пешінің төбесі құлады. Үйінді астында бес адам қалып қойды .

Оның төртеуі қайтыс болды, 1994 жылы туған тағы бір жұмыскер ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар