«АрселорМиттал Теміртаудағы» төтенше жағдайдың мән-жайы белгілі болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Металлургия комбинатының конвертер цехындағы газ құбырында сенбі күні болған өрт оқиғасының мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, апат салдарынан оттегі, азот, сутегі сұйытылған газ, тығыздалған ауа құбырларына зақым келген. Шұғыл түрде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

«Қазір апаттың себептерін тексеру, комбинаттың қыс мезгілінде жұмыс істеу қабілетін сақтау, қалыпты жұмыс режиміне көшу үшін құбырларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз үшін бастысы - келесіде осындай оқиғаларға жол бермес үшін апаттың нақты себептерін анықтау. Меніңше, апат салдарын жоюға үш аптадай уақыт кетеді, кейін ақырындап өндірісті «аяққа тұрғызамыз», - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин.

Оның сөзіне қарағанда, апатқа жақын жерде болған 5 адам жеңіл жарақат алған, оның үшеуі емделу үшін қысқа демалысқа шыққан, ешкім ауруханаға жатқызылмаған.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы апатты тексеруге кіріскен.

Егер комиссия жұмысына қосымша уақыт қажет болмаса, тексеріс нәтижелері заңмен белгіленген мерзімде - 10 күн ішінде жариялануы тиіс.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал» АҚ аумағындағы конверторлы цехтың сыртқы жағындағы газ құбырынан өрт шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар