«АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері желтоқсан айында 13-ші жалақы алады

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің алғашқы жұмыс күнін кеншілермен кездесуден бастады. Ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарына төлемдер мәселелері жөніндегі келісу комиссиясының отырысын өткізді.

Талқылау барысында желтоқсанда 13-ші жалақы төлеу және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны көтеру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонский желтоқсан айында барлық үш департамент пен еншілес компаниялардың қызметкерлері жыл қорытындысы бойынша 100% мөлшерде сыйақы алатынын айтты. Ай сайын 25 мың теңге төлем сақталады, үстемеақы қауіпсіздік бонусына аударылады, ал индикаторлар кәсіподақтармен бірлесіп әзірленеді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысы инфляция мөлшеріне индекстелетін болады.

– Шешім өте қиын болды. Бізге облыс басшылығының қатысуымен бірнеше бірлескен отырыстар қажет болды. Келіссөздер сәтті аяқталды, – деп түсіндірді «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

– Келісім комиссиясы өз жұмысын жалғастырады. Бізде жүйелік сипаттағы бірқатар мәселелер бар: көмір департаментінің кәсіпорындарын персоналмен қамтамасыз ету, жабдықтарды жаңарту, шахталарды дамыту перспективалары.

«Саран» шахтасының өндіру ауысымының бригадирі Асқар Жұмамұратов әділ шешімге қол жеткізілгенін атап өтті.

– Әңгіме қатаң болды бірақ келістік, – деп санайды ол.

– Төлемдер бойынша өз талаптарын толық көлемде орындауына қол жеткіздік. Компания басшылығы біздің талаптарымызды қабылдады.

Ермағанбет Бөлекпаев кеншілер ұжымдарының барлық мәселелерін шешу қажеттігін атап өтті.

– Мен осыған дейін де келісім комиссиясының отырыстарына қатысқан едім. Барлық мәселелерді білемін. Мен әрқашан тыңдауға, жауап беруге дайынмын. Осындай форматта кездесеміз, – деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар