«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы ауысты

2022 жылғы 1 желтоқсан, 03:36
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы ауысты

ТЕМІРТАУ. ҚазАқапарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі компания басшылығында уақытша өзгерістер орын алғаны туралы хабарлады. Бұл ауыс-түйіске Ленин атындағы шахтадағы 3 қарашада болған апатты тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссияның баяндамасы түрткі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, жүргізілген тексерістен соң Үкіметтік комиссия апаттың орын алуына шахтаның 26 қызметкері жауапты деп қорытынды шығарған болатын. Олардың қатарында компания басшылығы қатарындағы екі шет елдік азамат бар екені мәлімделген болатын.

Алайда ол азаматтарды өнеркәсіп алыбының жетекшілері басқа қызметке ауыстырған.

«Биджу Наир мен Джелсон Батиста АрселорМиттал вице-президенті және АрселорМиттал ТМД бас директоры Виджай Гоялдың кеңесшілері болып тағайындалды, бұл дереу күшіне енеді. Бұл оларға ағымдағы жағдайға және 3 қарашада Ленин атындағы шахтада болған апаттың себептерін тергеуге толық назар аударуға мүмкіндік береді», - делінген компания хабарламасында.

Биджу Наир мен Джелсон Батистаның орнына жаңа басшылар келді.

Осылайша, Владимир Яблонский мырза «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы болып, Виктор Гафиулов мырза «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен ісі департаменті бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Компания баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жаңа басшылардың осы саладағы білімі мен тәжірибесі зор.

Виктор Викторович Гафиуловтың тау-кен өнеркәсібінде 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Еңбек жолын 2000 жылы Балаклава тау-кен басқармасында бастап, маркшейдерден өндірістік директорға дейін мансап сатысынан өткен. Тәжірибелі, жоғары білікті маман ретінде Гафиулов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жұмысқа шақырылған. 2014 жылдан бастап ол «Кентөбе» қимасында, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кенішінің «Атансор» «Өркен» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. 2017 жылдан бері «Өркен» тау-кен кәсіпорнының басшысы. Білімі бойынша тау-кен инженері.

Владимир Иванович Яблонский бас директордың міндетін атқарушы ретінде өзінің металлургия саласындағы 33 жылдық тәжірибесіне сүйенеді. Владимир Яблонский Қарағанды металлургиялық институтын бітіргеннен кейін 1989 жылы Қарағанды металлургиялық зауытында (қазіргі «АрселорМиттал Теміртау») кәсіби қызметін бастады. Шөмішші қызметінен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өндірістік директорына дейін көтерілген. Осы жылдар аралығында конвертер цехын басқарды, болат өндірісінің директоры, бірінші қайта бөлудің директоры болды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат департаментінің өндірістік директоры болып жұмыс істеді және 2022 жылдың мамырында «АрселорМиттал» компаниялар тобының бас менеджері деңгейіне көтерілді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar